Алматыда жүкті келіншекті 3 жасар ұлымен қаққан салықшы қызметінен қуылды - kaz.caravan.kz
  • $ 486.47
  • 554.77
+29 °C
Алматы
2026 Жыл
28 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда жүкті келіншекті 3 жасар ұлымен қаққан салықшы қызметінен қуылды

Алматыда жүкті келіншекті 3 жасар ұлымен қаққан салықшы қызметінен қуылды

Алматыда адам қаққан салықшы қызметінен қуылды. Бүгін Алматы облысы Ұйғыр аудандық салық басқармасының басшысына қатысты осындай жаңа мәліметтер белгілі болды. Ол 3 жасар ұлын жетектеген аяғы ауыр келіншекті қаққан сәтте еңбек демалысында болыпты. Сондай-ақ сараптама Бақыт Құрмашевтің мас болғанын көрсеткен. Сондықтан мемлекеттік қызметкерге қатысты бірден 3 бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Дегенмен салықшы бүгін қолхатпен абақтыдан босап шыққан. Ал жәбірленушілердің жағдайы әлі де ауыр.

  • 25 Маусым 2014
  • 227
Фото - Caravan.kz

Шенді салықшының апаттан кейінгі жағдайы осы. Ішімдіктен біраз сілтесе керек, не істеп қойғанын әлі де түсіне алмай тұр.

– Айыбыңызды мойындайсыз ба?

— Ішкенімді мойындаймын. Қалғанын мойындамаймын.  

Аяғы ауыр ана мен оның жетегіндегі 3 жасар ұлын қаққанымен қоймай Бақыт Құрмашев оқиға орнынан бой тасаламақ болған. Бірақ салықшыны куәгерлер ұстап алып, тәртіп сақшыларына тапсырыпты. 

Камилла Чаймылова, жәбірленушінің сіңлісі:

-Бейнежазбада жүргізуші әпкемді қағып өтіп, тоқтамай кетіп бара жатқаны көрсетілген. Оқиға куәгерлері оны тоқтатпағанда, жасырынып үлгеруі мүмкін еді.

Сыртында бір, ішінде бір баласы болған Маликаның миы шайқалып, омыртқа мен қабырғалары сыныпты. Зардап шегушілер қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Қайта жақын арада босануы тиіс келіншектің ішіндегі нәрестеге айтарлықтай зақым келмеген. Бірақ 3 жасар Рашидтің беті әлі бері қарай қоймады.

Жұмахан Молдаханов, Алматы қалалық №4 аурухана бас дәрігерінің орынбасары:


Түскен кездегі диагнозы бас миының шайқалуы, бас миы зақымдануы, сонымен қатар бас сүйектерінің сынуы, түскен кездегі жағдайының ауыр болғанына байланысты реанимация бөліміне жатқыздық. Бас миының жарақаты кезінде толық есін жимайды.

56 жастағы Ұйғыр аудандық салық басқармасының басшысы еңбек демалысында жүр екен. Бірақ осы апаттан кейін ол бірден қызметінен қуылды. Десе де тергеу изоляторына жабылғанымен, бүгін қолхатпен бостандыққа шығыпты. Енді үш бап бойынша жауапқа тартылмақ.

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД ресми өкілі:

– Қауіпті жағдайда адамдарды қалдыру фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды.Лауазымына, шеніне қарамастан ол міндетті түрде жасаған қылмысы үшін толық жауап беруі тиіс.

Қызметтік куәлігінің арқасында жауапкершіліктен құтыламын деп ойлаған шенді салықшының жазасы енді жәбірленушілердің хал-жағдайына тікелей байланысты болып отыр. Сондықтан Бақыт Құрмашевтің туыстары аурухананы жағалап, қажетті дәрі-дәрмектерді әкелуде.