Қазақ елінің астаналары туралы сөз қозғағанда, алдымен ХХ ғасырда қазаққа бас қала болған Орынбор, Қызылорда мен Алматы ауызға оралады. Ал егемен елдің таңдауы болған Астананың тағдыры солардың тарихымен сабақтасып жатыр.
"Әдебиетіміздің асқар шыңы, тау-тұлғаларының ізі қалған өлкелердің тарихын бүгінгі ұрпаққа насихаттау — біздің негізгі мақсатымыз. Қазақтың қай астанасы да саяси әкімшілік орталық қана болып қойған жоқ, ұлттың рухын асырып, мақсат-мүддесін айқындайтын киелі мекен болды", — дейді «Руханиятты жаңғырту» қоғамдық қорының директоры Нұрлан Нұрмаханов.
Өз кезегінде ол игі шараны ұйымдастыруға септігін тигізген С.Майқанова атындағы мәдениет үйінің директоры Анар Шүйтеноваға алғыс хат табыс етті. Еліміздің арғы-бергі тарихындағы бас шаһарлардың тарихынан сыр шеткен шеруде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Сәкен Серікбаев жүрекжарды лебізін жеткізді.
Кеш барысында сырбойылық әншілердің орындауында қазақ астаналарына арналған жаңа әндердің тұсауы кесілді. С.Майқанова атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары театрландырылған көріністі сахналап, көрермен ықыласына бөленді.