Чемпион деген атағы бар Испанияның бірінші турдағы сәтсіздігі, мұның алдында түкке тұрмайтын оқиға болып қалды. Әлемнің бес дүркін чемпиондары өз елінде , өз жанкүйерлері алдында Германиядан оңбай ұтылды. Басқа-басқа, ал Бразилияның жартылай финалда матчта 1:7 есебімен ойсырай ұтылуы үлкен сенсация! Байқсаңыз немістердің соңғы төрт чемпионаттың бәрінде жартылай финалға шығып жүргені бекер емес екен. Неміс машинасы өзінің күшін, мінезін керек жерде көрсете білді. Неймар мен Тиаго Силваның жоқтығы бүгінгі ойынға өз әсерін тигізді деудің өзі қиын. Өйткені бүгінгі Бразилия , кезінде Пеле мен Тостао немесе Роналду мен Роналдинью ойнаған құрамамен салыстыруға келмейді. Сонымен Бразилия бас жүлдеден шет қалса, Иоахим Левтің командасы ақтық сынға беттеді.
Германиямен финалда кездесетін команданы бүгін білетін боламыз. Сан Паулудегі «Арена Коринтинас» стадионында Голландия мен Аргентина құрамалары күш сынасады.
Екінші жартылай финалдық бәсекеге түркиялық Джунейт Чакыр бастаған төрешілер алқасы әділ-қазылық жасайды. Бұл матчтан не күтеміз? Жалпы екі құрама өзара сегіз рет кездескен. Голландия төрт рет ұтса, латын америкалықтардың еншісінде тек бір жеңіс. Доп айырмашылығы жағынан да «жауқазын елі» алда тұр. Бірақ Аргентинаның есебіндегі жалғыз ұтыстың орны ерекше. 1978 жылғы мундиальдың ақтық сынында аргентиналықтар Голландияны 3:1 есебімен ұтқаны есімізде. Футбол мамандары командалардың бүгінгі матч алдындағы шама-шарқы тең дәрежеде деп санайды. Дегенмен Анхель ди Марияның жарақат алуы Аргентинағаауыртигені сөзсіз. Қарсы жақтың қорғаушыларын өзіне тарту арқылы Мессиге жол ашып жүрген белсанді футболшының жоқтығы білінбей қалмасы анық. Қалай болмасын осы матчтың жеңімазын финалдан көретін боламыз.
Биылғы «Тур де Франста» германиялық шабандоз Марсель Киттель ерлеп тұр. Лилль қаласында мәресіне жеткен төртінші кезеңде алдына жан салмаған Киттель, осымен үшінші рет тұғыр төріне көтерілді.
Ресейлік «Катюшаның» намысын жыртып жүрген норвегиялық Александр Кристофф екінші, ал француз Арно Демар үшінші орынды иеленді. Жалпы есептегі жағдай айтарлықтай өзгеріске ұшырай қойған жоқ. Бүгінгі кезеңді пелотонмен бірге аяқтаған «Астананың» капитаны Винченцо Нибали әзірге алда келеді. Көпкүндік супервелодоаның бесінші кезеңі Бельгияда жалғасады. Бірінші дүнижүзілік соғысқа арналған бұл кезеңнің жарыс жолы әйгілі «Париж-Рубэ» бағыты бойынша өрбиді.