Айткүл Жұмабекова, Меркі ауданының тұрғыны :
-Өлетін болдық есіктің алдында су жоқ. Не баланың жөргегін жуа алмаймыз, не тамақ істей алмаймыз.
Кенезесі кепкен жұрт су құбырының істен шыққанын айтуда. Жылда әупіріммен әрең ағатын ауыз су биыл мүлдем тоқтапты. Енді тұрғындар тіршілік нәрін қашықтан тасып ішуде. Ауылдың емдеу мекемесіндегі жағдай да жетісіп тұрған жоқ.
-Әр процедурадан, кейін қол жуу керек. Енді санитарлар тасиды. Оны құтыға құйып алып жуамыз.
Тұрғындар бұл үшін шенеуніктерді айыптауда. Өйткені жарылған құбырды әлі күнге қалпына келтірмеген. Ал атқамінерлер бар кінәні «Таза су» мекемесіне артып отыр. Қазынадан қыруар қаржы бөлінгенімен, директор Мәлік Әділқұлов жұмысты дұрыс жүргізбепті. Әкімдіктегілердің айтуынша, Әділқұлов бұған дейін қаржы жымқырды деген күдікпен жауапқа тартылған екен. Бірақ сонда да жылы орнын сақтап қалыпты.
Қайрат Арғынбаев, Меркі аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
-Істелмеген жұмысқа ақша жұмсаған ғой. Құбыр тесілген, осындай жұмыстар атқарылды деп. Прокуратура тексерген кезде оның бәрі дәлелденген жоқ. Өтірік боп шықты. Бірталай шығын келтіріп отыр.
Ал, «Таза судың» басшысы әкімдіктегілер артынан шам алып түскенін айтуда. Сөзіне сенсек, бұрынғы аудан әкімінің командасына кіргені үшін жазықты болған. Сондықтан қазір кадрларды тазалу шарасы жүріп жатыр дейді.
Мәлік Әділқұлов, «Таза су» мекемесінің басшысы:
—Осындай бір екі адам бар Меркіде. Сол келген әкімдердің үстіне олар мініп алады. Мені бұрынғы әкімнің адамы деп жабылып жатыр. Туысқаны муысқаны деп.
Әділқұлов бірер күнде құбырдан кеткен ақауды қалпына келтіреміз деп сендірді. Әйтсе де, ауданда «қырық кісі мен қыңыр кісі» арасында ашық айқастың жүріп жатқанын аңғару қиын емес. Ал ақжағалылардың текетіресінен тұрғындар жапа шегуде.