Шенеуніктер халықты ұялы байланыс операторларының «құлдығынан» құтқармақ - kaz.caravan.kz
  • $ 486.47
  • 554.77
+23 °C
Алматы
2026 Жыл
26 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шенеуніктер халықты ұялы байланыс операторларының «құлдығынан» құтқармақ

Шенеуніктер халықты ұялы байланыс операторларының «құлдығынан» құтқармақ

Бір ұялы байланыс операторына жіпсіз байланған «құлдықтан» құтылатын күн жақын. Елімізде келесі жылдан бастап ұялы байланыс операторын ауыстыру кезінде пайдаланып жүрген нөмірді өзгертпей-ақ келесісіне қосылуға болады. Шенеуніктер бұл байланыс құнының арзандауына әкеледі деп сендіріп отыр. Ал мұнымен келіспеуге отандық компаниялар қауқарсыз. Өйткені бастаманы іске асыру заңмен бекітілмекші. Байланыс саласындағы ауқымды реформа шынымен пайдалы ма?

  • 16 Шiлде 2014
  • 371
Фото - Caravan.kz

Үкімет бұл бастамасын «құлдықтан құтылу» деп ашық айтып отыр. Азаптан өздерін ғана емес, 17 миллион абонементті құтқармақ ойда. Жобаға сәйкес, 2015 жылдан бастап басқа ұялы байланыс операторына көшкіңіз келсе, қолданыстағы нөмірді ауыстырмай-ақ, қалағаныңызға оңай қосыла аласыз. Яғни тарифті қымбат деп танып, сапаға көңіл толмаса ажыратып тастауға болады.Егер жарнамасы жер жарған жоба сәтті жүзеге асса әрине. Шенеуніктер оның мақтауын келістіріп отыр. 

Асқар Жұмағалиев, ҚР Байланыс және ақпарат агенттігінің төрағасы:

-Техникалық мәселесі жыл соңына дейін шешіледі. Бұдан кейін заң жобасына өзгерістер енгіземіз. Ал, 2015-інші жылдан бастап жобаны тұтасымен іске асырамыз. Бұл өз кезегінде бәсекелестікті дамытып, ұялы байланыстың тарифін төмендетеді. Ал, отандық компаниялар бұл халықаралық тәжірибе екенін түсініп, бұған амалсыздан көшеді деп ойлаймыз.

Бірақ оларға таңдау жоқ. Операторлардың бұл жобаға қосылуын заңмен міндеттемекші. Осыдан соң әр клиент үшін талас басталып, отандық компаниялар ұсынатын қызмет сапасын көтеруге өздігінен жанталасады екен. Қолжетімді тариф белгілеп, жұртқа тегін бірліктер үлестіретін көрінеді. Осы жерде біздің атқамінерлер көрші Ресейдің тәжірбиесіне сүйеніп отыр.


 Николай Никифоров, РФ Байланыс және коммуникация министрі:

-Тұтынушы қанша операторды ауыстырғаны маңызды емес, бастысы сапалы қызметте. Егер қандай бір компания шықпаса өз нөмірін алып, басқа операторға қосыла алады. Шынын айту керек, Ресейде мұндай жобаға көшкелі, тариф бағасы біршама арзандады.

Бұған дейін ұялы байланыс нөмірін ауыстыру тұтынушы үшін қып-қызыл шығын еді. Қайта SIM карта алуға мәжбүр болатын. Енді бұл машақаттан құтылатын күн алыс емес сияқты.

-Байланыс саласындағы реформа мұнымен бітейді. Келер жылдан бастап ТМД елдері арасында роуминг құны да төмендемек. Әрине, жоспар көп, енді бар мәселе оның орындалуында. Ал байланыстың сапасы үшін талай мәрте Елбасыдан сөз естіген Байланыс және ақпарат агенттігінің төрағасы Асқар Жұмағалиев, олқылықты түзеуге шынымен кіріскен секілді.