Бұл туралы еліміздің Ұлттық ғрыш агенттігі (Қазғарыш) төрағасы Талғат Мұсабаев мәлім етті.
«Ресей зымырандардың сатылары құлайтын жаңа аудандар беруді сұраған болатын. Бұл күрделі мәселе, қазір біз онымен айналысып жатырмыз. Соңғы апаттардан кейін адамдар зымыран құлайды деп қорқады. Осы мәселеге қатысты хаттар да көптеп түсіп жатыр. Бірақ біз келісімді пысықтап жатырмыз. Құжат дайын деуге де болады», — деді Т.Мұсабаев сәрсенбі күні Лондон маңындағы «Фарнборо-2014» авиация-ғарыш салонында өтіп жатқан жиында.
Оның айтуынша, бұл жерде Қазақстанның солтүстігіндегі 120-шы аудан туралы әңгіме болып отыр. «Қиындықтар бар. Одан шығу жолдарын іздестіріп жатырмыз. Ол жерде күрделі мәселе көп, экологиялық түйткілдер де бар», — деді Т.Мұсабаев
Сонымен қатар, Қазақстан мен Ресей экология мәселелері жөнінде тағы бір үкімет аралық келісім әзірледі. «Оған да қол қойылуы керек. Қос құжатқа бір уақытта қол қоямыз», — деді Қазғарыш басшысы.