Денис Цой – «Алмаз туризмнен» жолдама алып, әйелімен Қара теңіз жағасында тынығуы тиіс болған туристердің бірі. Бірақ жігіттің 10 күнге жоспарлаған демалысы 5 күнге әзер жеткен. Онда да барлық шығынды өз қалтасынан шығарыпты.
Денис Цой:
— Үйге кеше оралдық. Шынын айтсам, демалысымыздың шырқы бұзылды. Бірнеше күн қонақ үй арасында тентіреп жүрдік. Әр жерден тамақ іштік. Барлық шығынды өз қалтамыздан төледік. Жолдама түкке де жараған жоқ. Енді турфирма соның шығынын төлесін.
Саяхаты сәтсіз болған жігіт «Алмаз туризммен» соттасуға дейін бар. Бірақ оған турфирма бар кінәратын жуып-шаюға әзір екендіктерін білдіріп отыр. Тіпті клиентіне моральдық өтемақыға дейін төлемекші екен.
Гүлзайым Бейсенәлі, «Almaz Tourizm» ЖШС Бас директорының көмекшісі:
— Саяхатшыларымыздың алды кеше келе бастады. Соның ішінде Денис Цой бар. Білесіздер, бұның барлығы біздің кесірімізден болған жоқ. Ал клиенттеріміздің шығынын түгел төлейміз.
Десе де, туроператор «кінәлі» деп меңзеп отырған «Трек Тревел» фирмасындағылардың да өз уәжі бар. Компания басшысы Фикрет Гюрбз тіпті «Алмаз туризм» бас директоры Айнұр Бәкібаевамен арадағы СМС-хабарламасын да ашық көрсетіп отыр. Онда Бәкібаева ақшасы жоқ екенін айтып, серіктес ретінде кешірім жасауын өтініпті.
Фикрет Гюрбюз, «Trek Travel» фирмасының директоры:
— «Алмаз туризм» 100 адамға алдын ала ақша төлеместен, жолдама сатқан. Сөйтіп, көмек сұраған соң біз қолдан келгенді жасаған едік. Бірақ бірден 100 адамға орын бізде де болмады. Сондықтан жартысы далада қалды. Керек десеңіздер, Айнұр ханымның фирмасы бізге әлі 100 мың доллар қарыз.
Екі турагенттік арасында туындаған қаржы дауының қалай аяқталары беймәлім. Десе де «Алмас туризм» Түркияда қалған 40 адамды қалайда елге жеткізуі тиіс. Cондай-ақ, жолдама алып, бірақ Қара теңізге жете қоймағандардың да мәселесін шешуі керек. Өйткені осы шудан кейін алдын ала саяхатынан бас тартып жатқан адам саны көп. Бүгін сондай бір топ ақшасының кері қайтарылуын талап етіп, шұғыл жиын өткізді.
Сәтсіз сапардан есте қаларлықтай «әсер» алғандар Астана тұрғындарының арасынан да табылуда. Бірақ Алматыдағыдай емес, мұндағы менеджерлер кеңсеге ешкімді жолатпайды.
Айта кету керек, бұл отандық туризмге қатысты биылдыққа туындап отырған бірінші шулы жайт емес. Естеріңізде болса, демалыс маусымының басында «Гүлнар тур» да жүздеген туристі тентіретіп жіберген еді. Қазір оған қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Ал басшысы Әли Исмайыловқа іздеу жарияланған.