Ақтауда аквапарк ашылды - kaz.caravan.kz
  • $ 485.4
  • 550.69
+22 °C
Алматы
2026 Жыл
25 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақтауда аквапарк ашылды

Ақтауда аквапарк ашылды

Ақтаулықтар тағатсыздана күткен аквапарк «Tree of life» атты демалыс базасында салтанатты түрде есігін ашты. Жаңадан бой түзеген нысанның жұмысын облыс әкімі Алик Айдарбаев барып көрді, деп хабарланған Маңғыстау облысы әкімдігінің ресми сайтында.

  • 6 Тамыз 2014
  • 469
Фото - Caravan.kz

Алдымен облыс басшысы Алик Серікұлы аквапарк қызметіне ақ тілегін арнады.

«Бұл нысанның ашылуы, Маңғыстау аймағында әлемдік стандарттарға сай демалыс орындарының бой түзегені айрықша жайт. «Tree of life» компаниясының басшылары мен акционерлеріне инвестиция құйып, осындай керемет нысандарды салғанына алғысымды білдіремін. Ақтау — еліміздегі теңіз жағасында орналасқан жалғыз қала. Сондықтан қалада демалыс орындарының көп болуы тиімді. Болашақта бұл жердің қызығын тек маңғыстаулықтар емес, бүкіл қазақстандықтар көруі ықтимал»,- деді әкім.

Жаңа нысанның қызыл лентасын кішкентай демалушылар Рамазан мен Әсел салтанатты түрде қиды. Одан соң облыс басшылары аквапарктың техникалық мүмкіндіктерімен танысты.

«Tree of life» демалыс кешенінің техникалық директоры Мөңке Шылықовтың айтуынша, 8 мың шаршы метр аумақты алған аквапарк компания сұранысымен Түркияда әзірленген. Жоба құны 700 млн. теңге. Аквапаркта 3 бассейн мен 4 сырғанақ орын тепкен. Аквапарктен жүзіп келіп түсетін бассейннің тереңдігі 1,4 метрді құраса, екінші бассейн балақайлардың еншісіне тимек. Балалар бассейнінің тереңдігі 0,8 метрге жетсе, ересектерге арналған бассейннің тереңдігі 1,5 метр, су көлемі 750 текше метр екен. Аталмыш бассейндер автоматты түрде тазартылып, жылытылып тұрады.

«Су сырғанағының биіктігі 10,5, түзу сырғанақ жолдар 43, спиральды сырғанақтардың ұзындығы 70-80 метрге жетеді», — деді М.Шылықов.


Аквапаркты тамашалаудың қарапайым жұртшылықтың қалтасы үшін қаншаға түсетіні туралы демалыс кешенінің менеджері Оксана Савченко айтып берді.

«Ересектер үшін 4000 теңге болса, 7-16 жас аралығындағы жасөспірімдерге — 2000 теңге. Ал 7 жастан төмен бүлдіршіндерге демалыс кешеннің есігі ақысыз ашық. Алайда 1 метр 20 см-ден төмен бойлы балалар сырғанақтарға жіберілмейді. Бұл шарттар баланың қауіпсіздігі үшін жасалған. Аквапаркта 6 қадағалаушы шомылушыларды бақылап тұрады», — деді ол.

Компания басшылары сондай-ақ алдағы уақытта демалыс базасында шипажай, футбол алаңы сынды жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырғандарын жеткізді.