Алғашқы үзіліске бірер минут қалғанда «Барыстың» қақпасын дәл көздеген Александр Перегожин қонақтарды алға шығарды. Кездесудің 32- минутында төрт ойыншымен қалған «Авангардты» қыспаққа алған айдын иелері есепті теңестіріп үлгерді. Бұл эпизодта Брэндон Боченски мергендік танытты. Бірақ астаналық жанкүйерлердің қуанышы көп ұзамай су сепкендей басылды. Шешуші кезеңнің басында оңтайлы сәтті мүлт жібермеген Эрик Густаффсон қонақтарға жеңіс сыйлады. Бүгінгі ұтыс омбылық хоккейшілерді дәстүрлі доданың финалына алып шықты. Осы күні Новокузнецкінің «Металлургі» буллитпен аяқталған бәсекеде «Нефтехимиктен» басым түсті
Француз тенисшісі Жо-Вифрид Цонга Канаданың Торонта қаласындағы байрақты бәсекеде топ жарды. Ол финалда швейцариялық шебер Роджер Федерерді екі сетте ұтты.
1 сағат 47 минутқа жалғасқан кездесуде француз қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ. Бірінші партияда Цонга 5:7 есебімен алда болса, тай-брейкке ұласқан келесі сетте де 6:7 есебімен жеңісті тойлады. Бұл Француздың биылғы маусымдағы алғашқы табысы. Ал жалпы карьерасында Цонга мұндай турнирда 11-рет топ жарған. Торонтодағы жарыстың жүлде қоры биыл 3миллион, 800 мың долларды құрады.
Лондондық «Арсенал» Англияның супер кубогын жеңіп алды. Әйгілі «Уэмбли» стадионында Арсен Венгер шәкірттері «Манчестер Ситиді» 3:0 есебімен ойсыратты.
Бірінші таймның бел ортасында Санти Касорла есеп ашты. Үзіліске дейін лондондық клуб Аарон Рэмсидің көмегімен есепті еселеп кетті. Ал Оливье Жиру бұл матчтың нүктесін қойды. «Манчестерліктерді» тас талқан қылған «Арсенал» Англия супер кубогын осымен 13-ші рет жеңіп отыр. Жалпы Еуропада футбол маусымы басталуға жақын. Ертең Мадридтық «Реал» мен «Севилья» УЕФА супер кубогын сарапқа салады.