Жергілікті мәслихат депутаттары осындай ұйғарымға келіпті. Әзірге жаңа тарифтің нақты қай күннен бастап енетіні белгісіз. Анығы, бұдан былай қоғамдық көліктерде жүру ересек жолаушылар үшін – 60 теңгеден 90 теңгеге, ал балалар билеті 40 теңгеге қымбаттайды. Бұған себеп: соңғы алты жылда Астанада жол ақысы бір тиынға да өзгермеген. Ал, осы аралықта жанармай бағасы мен көлікке қажетті бөлшектердің құны бірнеше есеге өсті. Соның салдарынан жолаушы тасымалдайтын мекемелер шаш-етектен шығынға батып отыр екен. Қазір Елордада күніне 750 мың жолаушыныны діттеген жеріне жеткізіп жүрген 900-ге жуық автобус бар. Жалпы, тасымалдаушы компаниялар жол ақысын көтеру туралы жыл басынан бері айтып келеді. Ол үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, ақыры кәсіпкерлердің өтініші орындалатын түрі бар.