Пойызға билет таппаған жолаушылар вокзалдарда түнеуге мәжбүр. Ал кассада жоқ билеттер алаяқтардың қолында жүр - kaz.caravan.kz
  • $ 487.02
  • 552.23
+29 °C
Алматы
2026 Жыл
25 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Пойызға билет таппаған жолаушылар вокзалдарда түнеуге мәжбүр. Ал кассада жоқ билеттер алаяқтардың қолында жүр

Пойызға билет таппаған жолаушылар вокзалдарда түнеуге мәжбүр. Ал кассада жоқ билеттер алаяқтардың қолында жүр

Елімізде мыңдаған адам діттеген жеріне жете алмай жолдан қалуда.  Өйткені,  республика бойынша барлық темір жол вокзалдарында жақын күндерге пойызға билет мүлдем  жоқ. Жалпы, бұл жыл сайын жазда немесе мереке алдында қайталанатын, жұртты әбден мезі еткен  маусымдық мәселе. Әдеттегідей бұл жолы да  әсіресе ауылға демалысқа кеткен студенттер үшін  аса қиын болып тұр. Жағдайдың ушығып бара жатқанын байқаған  Жолаушылар тасымалы мекемесі де шұғыл шара қолдануға кірісіпті.  Жақын күндері кестеден тыс бірнеше пойыз бен  қосымша вагондар  шойын жолға  шығады.

  • 15 Тамыз 2014
  • 448
Фото - Caravan.kz

Жолаушылар билеті әсіресе Астанадан Алматы, Шымкент, Семей сынды адам жиі қатынайтын ірі қалаларға мүлдем жоқ,дейді. Қазір кассадан біз де сұрап білейік.

 -Сәлеметсіз бе?!

 Ертеңге, яғни 15 тамызға Астанадан Алматыға билет бар ма?

–Жоқ.

Міне, шынында да жақын күндері Елордадан оңтүстік астанаға жету мұң болып тұр.

Жұрт үлкен қалалармен қатар Астанаға жақын өңірлерге де жолға шыға алмуда.  Жүздеген адам бірнеше күннен бері дәл осылай Темір жол вокзалындағы кассаларды   күзетіп  жүр.

— Кешеден бері  жүрміз, билет жоқ. Бір ай болды жоқ. Павлодар мен Қостанайға билет таппай ссенделіп жүрміз. 

Азаматтардың айтуынша,  қазіргі билет тапшылығынан пайда көріп қалғысы келетін пысықайлар да  бар екен. Мәселен, Балжан апай бірнеше бір аптадан бері Жамбыл облысындағы Шуға жете алмай жүргенін айтады. Бүгін екі билет табылыпты. Бірақ,  неге екені белгісіз, жол ақысының құны аяқ асты екі есеге қымбаттап шыға келген.

Балжан Шәкәрім, Астана қаласының тұрғыны:

— Керемет ақша жасап жатыр бұлар. Менің көз алдымда 3.700 теңгелік  пойызға билет болды, үстінен 2000 болса,  алып кетесіз деді. Ақшам жетпей қалып, одан да қағылып қалдым.

Дәл осылай діттеген жеріне жете алмай, жолда қалған мыңдаған адамның обалына қалмас үшін Жолаушылар тасымалы  мекемесі де шұғыл шара қолдануға кіріскендерін айтады. Жауаптылар жақын күндері кестеден тыс, қосымша  пойыздарды жолға шығармақ.


Асылхан Қалдыкөзов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ Жаңа технологияларды енгізу және дамыту ісі бойынша директорының міндетін атқарушы:

— Биыл сұранысты қанағаттандыру үшін екі жүрдек пойыз енгізілді. Бірінші: Астана-Шымкент, екіншісі, Алматы-Ақтөбе бағытында өз қызметін жасап жатыр. Жыл аяғына дейін үш бағытта енгізіледі. Олар: Астана-Қызылорда, Алматы-Өскемен, Астана-Өскемен. Шілде айында қосымша 500-ден астам вагондар  тіркелген.

Тамызда пойызбен 700 мыңға жуық адам  жол жүріпті,  жолаушылар саны жыл сайын артып келеді екен. Әлі жазғы демалыста ауылға  кетіп, қаладағы  оқу орындарына орала алмай сабылған студент  пен   еліміздің әр аймағында діттеген жеріне жете алмай жүрген адам қаншама. Ал, жазғы уақыттағы  билет тапшылығын болдырмау үшін  жолаушы  тасымалдаушы мекемелер  жұмсын бірден   қырық пайызға  арттыру керек екен.