Сот процесіне келгендердің қарасы көп болды. Алдымен апатты көзімен көрген темір жол қызметкерлері тыңдалып, кейін зардап шеккендер сөйледі. Шағын автобустың жүргізушісіне жол ережесін өрескел бұзып, бірнеше адамның өліміне себепкер болды деген айып тағылып отыр. Машинаның иесі енді он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал зардап шеккендер одан моральдық және материалдық шығын өтеуді талап етпек. 15 сәуірде ішінде тоғыз адамы бар шағын автобус тепловозбен соқтығысқан еді. Соның салдарынан Ақсу ферроқорытпа зауытында тәжірибеден өтіп жүрген төрт студент қаза тапқан болатын. Ал қайғы жамылған ата-аналар әлі күнге ес жия алмауда.
Айгүл Біләлова:
— Ең алдымен маған сынып жетекшісі хабарласып, балалардың жол апатына ұшырағанын жеткізді. Бірақ, қобалжымаңыз, алаңдайтындай жағдай емес деді. Бірден ауруханаға бардым. Балам жан сақтау бөлімінде жатыр екен. Келесі күні сағат ондар шамасында есін жимастан жүріп кетті.