Мұндайды күтпеген көлік жүргізушілері жанармай құю үшін 60 шақырым жердегі Қостанайға қатынауға мәжбүр. Облыс орталығында баға әзірге бұрынғыша, бірақ жағдай тым мүшкіл. Бекеттер алдындағы ұзын-сонар көлік кезегі сағаттап таусылар емес. Ал Рудныйда жанармай бекеттері түгел жабылған. Табан асты туған мұндай тапшылыққа бәрінен бұрын мұнай өңдірушілер аң-таң. Айтуларынша, жанар-жағармай зауытта жеткілікті. Ал бензинге қатысты қазіргі жағдай қолдан жасалып отыр.
Шухрат Данбай, «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ Бас директоры:
— Біз әдеттегі режимде жұмыс істеп жатырмыз. «ҚазТрансоил» тәулігіне 15 мың тонна жанармай шығаруда. Тағы 25-30 мың тонна мұнай қорда бар. Жанармай қымбаттайтындай, болмаса қат болатындай дүрбелеңге негіз жоқ.