— Кіре алмай тұрмын. Оның алдында Жиналыс болды. Төбелесіп қалдық.
Тоқтап тұрған құрылыс алаңында бүгін де төбелес. Бұрынғыдай емес, ашулы топтың арыны азайып, қатарлары да сирей бастапты. 500-ге тарта үлескердің алды осы жерден пәтер алу үшін «Тамыз Инвест Групп» компаниясына 8 миллион теңгеден құйған. Бірақ 2008 жылы дағдарысқа тап болып, содан жер сипап қалыпты. Алғашқы салымдарын банктен несиеге алған тұрғындардың көбі қазір кісі есігінде күнелтіп жүр.
Роза Хамитова, «Территория комфорта» тұрғын үй кешенінің үлескері:
— «Әні –міне» салынады дегенмен әлі салынбай жатыр. Қазірдің өзінде қалай салынатынын қалай проблемасының шешілетінін білмейміз. Үкімет шешіп берсін.Қанша адам шаршады осыны күтіп.
Кезінде жарнамасы жер жарған «Жайлы мекеннің» жайы кеткен. Құрылыс орта жолдан тоқтап, тіпті құлағалы тұр. Ал «Тамыз Инвест Групп» құрылысты созып жібергендіктен үлескерлер инвесторды ауыстыруға мәжбүр болған. Соңында өздері екіге бөлініп, алғашқысы тұрғын үй құрылыс кооперативіне біріксе, екіншісі жай үлескер ретінде қалыпты. Пәтерге таласып өзара соттасып жүргенде, оңтайлы сәтті пайдаланған компания шаршы метрді сата бастапты.
Әлия Сәмбетбаева, «Территория комфорта» тұрғын үй кешенінің үлескері:
— Қанша төраға ауысты. Өз ақшасын жеп жатыр. Тіпті үлескерлерді бір-біріне қарсы қойып жатыр. Сөйтіп өзімізді өзіміз жоғалтып жатырмыз.
Татьяна Чурчина, Астана қалалық үлескерлер бірлестігінің төрайымы :
— Үлескердің араларында бірлік жоқ. Тұрғын үй кешенін салып бітіретін инвестор әзір табылмады. Оның үстіне сарапшылар үйдің сапасыз тұрғызылғанын растады. Егер қабат санын қысқартса,үлескердің көбі пәтерсіз қалады. Сондықтан сүріп орнына басқасын тұрғызу керек.
Астана әкімдігі далада қалғандарға көмектесуді ойлап үлестерін басқа тұрғын үй кешеніне салуды сұраған. Жартысы келіскенімен, екінші жартысы Есілдің сол жағалауын басқа ауданға айырбастағысы келмейді.
-Қалған үлескерлер осы сақалды құрылыстың аяқталуын күтуге бел буған. Өйткені бұл Астананың нағыз элиталық ауданы саналады. Мына жақта атақты «Абу Даби Плаза» кешені тұрғызылып жатса, мына бетінде Бас прокуратурамен ал қарсы бетте Қорғаныс және Сыртқы Істер министрлігімен көрші. Тіпті әйгілі «Бәйтерек» те осы жерде.
Бұл тұрғын үй кешенінің енді қашан бітетінін ешкім де болжап біле алмай отыр. Ал ашынған үлескерлер құрылысы тура он жылға созылған үйлерінің 10 жылдығын ерекше акциямен өткізбек.
