Сақ қорғандары үшін жергілікті тұрғындар мен кәсіпкер таласуда - kaz.caravan.kz
  • $ 486.19
  • 554.26
+19 °C
Алматы
2026 Жыл
24 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Сақ қорғандары үшін жергілікті тұрғындар мен кәсіпкер таласуда

Сақ қорғандары үшін жергілікті тұрғындар мен кәсіпкер таласуда

Жеті жылға созылған жер дауы. Бүгін Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы ауыл тұрғындары кәсіпкерлер тарихи орындарға қол сұқты деп дабыл қақты. Ал 16 гектар жерді сатып алған кәсіпкер мұнда жаңа технологиямен экобақ салмақшы екен. Бірақ мамандар бұл жерде бұрын сақ қорғандары болғандықтан, құрылыс жүргізген жөн еместігін айтуда.

  • 23 Тамыз 2014
  • 501
Фото - Caravan.kz

Бәйтерек ауылыныңтұрғындарыбүгінгі күнді осындай жанжалмен бастады. Елді мекен маңындағы жер иесі осында жеке кәсібін дөңгелетпекші екен. Алайда Тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының мамандары бұл аумақ мемлекет қорғауында болуы тиіс дейді.

Есет Дәуренбаев, Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының директоры:

— Мына жерде біздің Ғұндар, сақ қорғандары бар. Бұл жерде құрылыс жұмыстарын жүргізуге қатаң тыйым салынады. Біз осыған Еңбекшіқазақ ауданының прокурорына арнайы хатпен келіп отырмыз.

Соңғы уақытта мұнда қазба жұмыстары қарқын алыпты. Ауылдықтар шаң-тозаң мен машинаның гүрілінен әбден шаршадық дейді. Үлкен аумақты қоршап қойғандықтан, оқушылардың мектепке қатынауы да қиындаған.  

Гүлнәр Сегізбаева, Бәйтерек ауылының тұрығыны:

— Мұндағы адамдар үйін де сата алмайды. Өйткені бәрі қазылған. Ары-бері жүретін жол жоқ. Ең бастысы, балалардың мектепке баратын жолын жауып тастап отыр. Сонымен балалар бүкіл ауылды айналып, 3-4 шақырым жаяу жүріп баруы керек.

Бұдан бұрын да «Дэниз плюс» серіктестігі осында құрылысқа қажетті тас қазумен айналысқан. Бірақ 2007 жылы халық наразылық білдіргендіктен, жергілікті билік олардың жұмысына тосқауыл қойған екен. Бірақ серіктестікке жер телімін кім сатқаны белгісіз дейді жергілікті атқамінерлер. 


Бердіқожа Мамырбеков, Бәйтерек ауылдық аймағы әкімінің орынбасары:

— 1991 жылы мына жер Талғар совхозына қараған. 95 жылы тиісті адамдар бұл жерді шаруа қожалығын жүргізу үшін жайылымдық жерлерді адамдар алған. Кейін бұл жерлерді басқа адамдар сатып алған.

Ал кәсіпкердің айтуынша, ол мұнда инновациялық әдіспен экобақ салмақшы екен. Алдымен осы жердің тасын қазып алып Еуропа-Қазақстан тас жолы құрылысына жібереміз дейді. Ол мұнда ешқандай заңбұзушылық жоқ деп ақталуда. Керісінше, осы келіспеушілікке тұрғындардың өзін кінәлады.

Сергей Фирсов, «Дэниз плюс» ЖШС директорының орынбасары:

— Бұл ауылда 7 жылдан бері ұйымдасқан қылмыстық топ жұмыс істеп келеді. Тұрғындарға жалған ақпарат береді. Ал, халық үйлерін 300-400 мың долларға сатып алуымызды талап етуде. Бұл нағыз бопсалау ғой.

Істің ақ-қарасын анықтып, қос тараптың жеті жылға созылған дауына соңғы нүктені енді прокуратура қоюы мүмкін.