Партамен кірер есікті тіреп қойғанына, айналаның барлығы шашылып жатқанына қарап мына мектептің бірер күннен соң оқушыларды қабылдайтынына сену қиын. Себебі есік-терезенің барлығы аңғал-саңғал, шұрық-тесік еден сырланбаған да. Тіпті түлектердің бітіру кешіне безендірілген зал әлі күнге дейін жиналмған. Оған құстар ұя салып алыпты. Мектеп басшылығы бұның себебін ашып айта алмады. Қазалы ауданының Әйтеке би кентіндегі 250 оқушыға лайықталған осы мектептің жанында 64 орындық интернат бар екен. Бірақ онда ешбір жағдай жоқ. Асханадағы ыдыс-аяқ та жуылмай, тамақ қалдықтары иістеніп кеткен. Сондай-ақ, өрт қауіпсіздігіне де көңіл бөлінбеген.

