Бұл мектепте таң атқалы қарбалас. Президент келер алдында шелек пен сыпыртқы ұстағандардың қарасы көп. Есік алды сүртіліп қайта-қайта жуылып жатыр. Іште жанталас. Парта мен оқушылардың орнын жиі ауыстырған мұғалімдерден маза кеткен.
-Балам сен мына жерге отыр.
Мәртебелі мейман өзін көп күттірген жоқ. Алдымен Елбасы кіреберісте күтіп тұрған ұстаздарға нағыз шеберлік сағатын өткізгендей. Нұрсұлтан Назарбаев, көп оқып, көп ізденуді талап ете келе, мұғалімдерге Батыстың білім беру жүйесіне тым қызықпауға кеңес берді.
Нұрсұлтан Назарбаев,Қазақстан Республикасының Президенті :
—Батыстық білім беру жүйесі бізге келе бермейді. Батыс елдерінде оқушыға мектепке еркін киініп, сынып ішінде еркін жүруге, тіпті мұғаліммен сөзге келуге рұқсат етілген. Бұл бетімен кеткендік. Бұған жол бермеу керек. Ұстазды сыйлау кқажет.
Осыдан соң президент биылдан бастап барлық мектепке қосымша сабақ ретінде енгізіліп жатқан «Қазақстан-2050» тақырыбында өткен ашық сабаққа қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев партаға да отырып, тым толқып кеткен оқушы қызды әңгімеге тартуды да ұмытқан жоқ.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Сендердің жасыңда ойлайды: «Жастық деген мәңгілік.Бітпейді таусылмайды ешуақытта «деп. Тез өтеді.Бір мамандықты алып, соныменен жүру керек өмірде. Соның түбіне жету керек.Зерттеу керек.
Жоғары сынып оқушылары, Елбасыдан елдің даму бағыты туралы естісе, төменгі сыныптағыларға «Тәуелсіздік» тақырыбы таңдалған. Ал жаңадан салынған №75 гимназия Есілдің сол жағалауында бір мектепте қысылып-қымтырылып оқып келген балаларды үлкен азаптан құтқарды. Енді алысқа қатынамай үй іргесіндегі заманауи білім ордасында оқуға мүмкіндік туды.
-Енді бұл қиындықтардың барлығы артта қалды. Жаңа мектепте балалардың білім алуына барлық жағдай жасалған. Сынып іші де кең. Бастауыш оқушыларына 1-ші қыркүйектегі алғашқы сабақ «Менің Республикам менің болашағым» деген тақырыпта өтті.
Бүгін дәл осындай елімізде 63 жаңа мектеп ашылды. 2 миллион 600 мың ұл-қыз 3 ай жазғы демалыстан соң парталарына қайта жайғасты. Оның 300 мыңы білім ордасының табалдырығын енді аттаған 1-ші сынып оқушылары. Бұл былтырмен салыстырғанда 70 мыңға көп. Үш ауысымдық оқудың әлі толық жойылмағанын ескерсек, мектептен орын барлығына жететіне шенеуніктер сендіріп отыр.