Өйткені, жаңа сессияның ашылуына қатысқан Президент депутаттарға бұдан бұлай арқаны кеңге салып, ала жаздай демалуды доғаруды сұрады. Онсыз да қыдырудан жалықтық деген халық қалаулылары Елбасының ұсынысын бірден қолдай кетті.
Депутаттар демалысқа кеткелі босап қалған Парламенттің іші бүгін ығы-жығы адамға толып, бір сәтте абыр-сабыр тіршілік басталып кетті. Ал, екі айдан бері көріспеген депутаттар бірін-бірі әбден сағынып қалыпты. Міне, халық қалаулылары әр бұрышта бет сүйіп, құшақтасып үлгере алмауда.
Парламент сессиясының ашылуына келген Үкімет мүшелері де ерекше көңілді. Премьердің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев әріптесі екеуі қолындағы қаламмен ойнап, балаша мәз. Ал, Шөкеев кімнен келгені белгісіз әйтеуір хат оқуға кіріскен. Мәжіліс залындағы мұндай еркін жүріс-тұрыс тек Президент келгенде сап тыйылды. Мемлекеттік әнұранды тыңдап болған соң Нұрсұлтан Назарбаев бірден іске кірісті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Көрші мемлекеттердегі қиындықтардың бізге де салқыны тиеді. Әсіресе Украинадағы жағдай халықаралық қатынасты шиеленістіріп отыр. Ресей мен Еуропа елдерінің бір-біріне сансыз санкция салуы экономиканы кері сүйреп барады, бұл бізге де әсер етуде. Сондықтан Қазақстанның қауіпсіздігіне төнуі мүмкін қатерлердің алдын алу үшін Парламент пен Үкімет бірлесіп жұмыс істеу керек.
Сондықтан, Президент ертерек етек-жеңді жиюға шақырды. Ол үшін бұдан кейін ала жаздай демалғанды қойып, бос жүрісті қысқартуға кеңес берді. Бұл ұсынысты бірден қолдаған депутаттар қол соқты. Айтуларынша, екі ай бойы қыдырудан өздері де әбден жалығыпты.
Ал, жиын соңында Парламент қатарына жаңадан қабылданған халық қалаулылары ант қабылдады. Лауазымын ауыстырған сайын серт беретін Сенат төрағасын президент қалжыңмен қағытты.
-Сен қайта-қайта ант қабылдай бересің бе?…
Ресми жиын аяқталған соң мәжілісмендер мен сенаторлардың бірқатары Елбасымен еркін сөйлесіп, жақын жүздесіп қалуға жанталасып жатса, енді бірі кіре берісте Ресей президенті Путиннің жуырдағы «қазақ жерінде бұрын-соңды мемлекет болмаған» деген пікірін қызу талқылап жатты. Депутаттардың айтуларынша, ит үреді…
Оразкүл Асанқазықызы, Мәжіліс депутаты:
-Жұрт көшеді… (күлді) сол сияқты. Әркім әрдеңені айта береді ғой, қайта біз бар екенімізді көрсете білуіміз керек.
-Сондай-ақ, Елбасы Үкіметке де бірқатар міндеттер жүктеді. Енді әрбір мемлекеттік тапсырмаға орынбасарлар емес, министрлердің өздері тікелей жауапты болады. Ол үшін арнайы заң дайындалмақ. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев міндетті медициналық сақтандыру қорын қайта құруға, жаңа көліктерді 7 жылға дейін техникалық тексеруден өткізуді алып тастауға пәрмен берді.



