«Біз бүгін хатты президентке тапсырамыз. Онда көтерілген басты мәселе Школьниктің тағайындалуына байланысты. Біздіңше, ол Энергетика министрі қызметіне лайықты кандидатура емес. Бұл Қазақстан энергетикасының болашағына кері әсер етеді деп ойлаймын. Біз хатта бұны дәлелдейтін айғақтарды мысалға келтірдік», — деді «Жемқорлыққа қарсы халықтық комитет» қорының президенті Мұсағали Дуамбаев журналистерге.
Оның ойынша, В.Школьник «Қазақстанның мүддесі үшін жұмыс істемейді».
«(…) Школьник Қазатомөндірістің тұтқасы қолына тигеннен кейін ондағы саясатты ресейлік мамандарға, ресейлік кәсіпорындарға тәуелді етті. Нәтижесінде, бүгінде Қазақстанның атом саласында ресейлік компаниялар жұмыс істеп жатыр. Бұл дұрыс емес деп ойлаймыз», — деді қор басшысы.
Хатта көтерілген екінші мәселе – Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты болып отыр.
«Біз бұған үнемі қарсы шығып келдік. Чернобыль мен Фукусимадағы оқиғалардан кейін біз ойлануымыз керек: бұл бізге қажет пе? Қазір біз EXPO-2017 стратегиясымен айналысып жатырмыз. Желден, күннен қуат алуды, гидроэнергетиканы дамыту жағын ойластыруымыз керек. Тіпті болмаған күннің өзінде, атом станциясын салатын болсақ, 2017 жылға дейін мораторий жариялауымыз керек», — дейді қоғам қайраткері.
Хаттағы үшінші талап – Байқоңыр ғарыш айлағынан Ресейдің «Протон» зымырандрын ұшыруды тоқтату.
«Соңғы мәселені айтып отырған себебіміз – президент кадр тағайындау мәселесінде абай болуы керек. Қазақстанның, ұлттың болашағына жаны ауыратын кадрларды тағайындау қажет», — деді М.Дуамбеков.
Хаттың соңына «Желтоқсан» қоғамдық қоры, Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры, «Антигептил» және тағы басқа қоғамдық ұйымдар өкілдері қол қойған.