Бас жүлдені сатады деп айыпталып жүрген «Қазақстан аруы» байқауы жаңа әдіске көшті - kaz.caravan.kz
  • $ 486.19
  • 554.26
+22 °C
Алматы
2026 Жыл
23 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бас жүлдені сатады деп айыпталып жүрген «Қазақстан аруы» байқауы жаңа әдіске көшті

Бас жүлдені сатады деп айыпталып жүрген «Қазақстан аруы» байқауы жаңа әдіске көшті

Атышулы «Қазақстан аруы» байқауы қайта оралды. Осымен 18 рет  өткізілгелі отырған сұлулық сайысына қатысуға сансыз ару тілек білдіріпті. Ұйымдастырушылар болса, биылғы байқауға бірнеше өзгеріс енгізген. Яғни жеңімпазды, қазылар алқасы емес, қарапайым көрермен СМС арқылы дауыс беріп таңдамақ. Жыл сайын бәйгесі саудаланып кететін байқау биыл осылайша өз әділдіктерін көрсетпек. Бас жүлде 1 миллион теңге екен.

  • 4 Қыркүйек 2014
  • 489
Фото - Caravan.kz

«Қазақстан аруы» деп айдар таққан сұлулар сайысы қоғамды қатты қызықтырмаса да, боларын болғасын бір дүрбелең салып кететіні әмбеге аян. Бұл байқауды жазғырып жатқандар жетіп артылады. Мәселен, міне, былтырғы «Қазақстан аруы». Талдырмаш қыздар таласып тармасып жатқанда тәжді Айдай Исаева атты алматылық ару тақты. Дәстүр бойынша жылтырақты Айдайдың басына алдыңғы жылғы жеңімпаз Жазира Нұрымбетова кигізуі керек еді. Бірақ өз жеңісін қыруар қаражатқа сатып алды деп айыпталған Жазира ақыры ол құрметтен де айырылған-ды. Ал былтырғы мисс міз бақпай, көзі қарақты қалың бұқараның пікірін «ит үреді, керуен көшедіге» балап тұр.

Айдай Исаева, «Қазақстан аруы-2013»:

-Адамның өзіне байланысты, ел сөйлей береді. Кім қалай ойлайды кімнің көзқарасы қандай айта берсін.Менің өзімнің қалауым «Мисс Қазақстанды» ұту керек болды.

Дегенмен, бұл байқаудың бетпердесін бірінші боп атыраулық сұлу Назерке Файзуллина сыпырған еді. Айтуынша, одан ұйымдастырушылар «Қазақстан аруы» байқауынан жүлделі орын алу үшін 20 мың доллар талап еткен. Аяғында оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Осыдан болса керек, биыл талап өзгеріпті. Қазылар алқасы ақтық сынға шығатын 3 қатысушыны таңдайды. Ал тәж киетін қызды көрермен СМС арқылы анықтамақ. Бас жүлде 1 миллион теңге.

Сәкен Жақсыбаев, дизайнер:

-Миллион теңгені жөндеп жұмсаса оған бизнес бастауға болады, Еуропаға оқуға баруға болады. Тіптен шетелде 1-2 жыл өмір сүріп саяхаттауға да мүмкіндік береді ол қаражат.

Байқаудың қазақ аруларына бикини кигізіп бүйірлерін бүлкілдетіп қоятын бөлігі былтыр алып тасталған еді. Керісінше қазақи көйлек кигізіп қойды. Ұйымдастырушылар осылайша  қыздардың ділін түзеуге тырысқанымен, тілін толық сындыра алмапты.


Айдай Исаева, «Қазақстан аруы-2013»:

-Маған аса шынын айтайын пайда болған жоқ бірақ бұл менің хоббиім болып саналады. Адамның өзінің желаниясы.

-Как на казахском будет?  Сыртқы көзқарастан кішкене өз өзіңді.

— Как оберегают как сказать?

-Сырт көзден сұлулығын сақтап қалаған кезінде «Қазақстан аруын» ұтып алған жаңағы Айдай Исаева желтоқсанда әлем аруы атану үшін сайысқа аттанбақ. Қазақ елін, қазақ жерін таныстырады. Қазақ қыздарының болмысын Айдайға қарап біледі ел. Айтпағымыз байқауды басу емес, қотырды қасу. Жауырды жаба тоқығанмен жараның жазылмайтыны белгілі. Біз айтқан сын түзелсе мін де болмас. Өйткені Қазақстанның 2013 жылғы сұлуы сұхбатында айтқанындай ел текке сөйлей бермейді, біліп айтады.