Қазақстанда апта ішінде азық-түлік бағасы қалай өзгерді - kaz.caravan.kz
  • $ 487.01
  • 557.87
+26 °C
Алматы
2026 Жыл
23 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстанда апта ішінде азық-түлік бағасы қалай өзгерді

Қазақстанда апта ішінде азық-түлік бағасы қалай өзгерді

«Қазагромаркетинг» 2014 жылғы 26 тамыз бен 2 қыркүйек аралығындағы мониторинг бойынша өңірлер бойынша  негізгі азық-түлік бағаларының өзгеруі туралы ақпарат ұсынды.

  • 5 Қыркүйек 2014
  • 1131
Фото - Caravan.kz

Көтерме сауда бағасының ұлғаюы себебінен Шымкентте бірінші сұрыпты ұн бағасы 14%-ға — 70-тен 80 теңге/кг-ға дейін, күріш бағасы 16%-ға — 190-нан 220 теңге/кг-ға дейін артты.

Сонымен қатар көтерме сауда бағасының артуы себебінен Астанада арпа жармасы 19%-ға — 129-дан 154 теңге/кг-ға дейін, бұршақ жармасы 158-ден 174 теңге/кг-ға (10%) дейін қымбаттады.

Қарақұмық жармасы Астанада 16%-ға — 129-дан 154 теңге/кг-ға дейін арзандады.

Қарастырылып отырған кезең аралығында еліміздің ешбір аймағында сүт және ет өнімдерінің бағасы айтарлықтай (10%-дан артық) өзгерген жоқ. 

Отандық тауар өндірушілер өнімінің жаппай пісуіне байланысты Таразда алмұрт бағасы төмендеді, жемістің орташа бағасы 11%-ға немесе 300 теңге/кг-ға дейін арзандады.

Алматыда нарықтың отандық тауар өндірушілер өнімімен толығуына байланысты жүзім 22%-ға 465-тен 363 теңге/кг-ға дейін арзандады.

Отандық тауар өндірушілердің ашық топырақ жағдайында өсірген өнімдерінің жаппай пісуі мен нарықтың толығуына байланысты Талдықорғанда қызанақ бағасы 14%-ға 70-тен 60 теңге/кг-ға дейін төмен түсті.

Нарықтағы ашық топырақ жағдайында өсірілген өнім көлемінің азаюына байланысты қияр бағасы Астанада 191-ден 288 теңге/кг-ға (51%)  дейін, Павлодарда 129-дан 160 теңге/кг-ға (24%) дейін, Көкшетауда 193-тен 238 теңге/кг-ға (23%) дейін, Таразда 72-ден 80 теңге/кг-ға (11%) дейін және Алматыда 125-тен 138 теңге/кг-ға (10%) дейін артты.  

Сатылымдағы өнім көлемінің артуы мен көтерме сауда бағасының 67-ден 55 теңге/кг-ға (18%) дейін түсуі Астанада пияз бағасының 100-ден 81 теңге/кг-ға (19%) дейін төмендеуіне себеп болды.

Нарықтың отандық тауар өндірушілердің өнімімен толығуына байланысты картоп бағасы Қарағандыда 96-дан 80 теңге/кг-ға дейін, Қостанайда  90-нан 75 теңге/кг-ға дейін 17%-ға төмендеді.

Сәбіз бағасы сатылымдағы өнім көлемінің артуы мен көтерме сауда бағасының төмендеуіне байланысты арзандап отыр. Мәселен, орташа нарықтық баға Көкшетауда 118-ден 93 теңге/кг-ға (21%) дейін, Астанада 113-тен 91 теңге/кг-ға (19%) дейін, Павлодарда 70-тен 60 теңге/кг-ға (14%) дейін және Қарағандыда 123-тен 111 теңге/кг-ға (10%) дейін төмендеді.

Нарықтың отандық тауар өндірушілердің өнімімен толығуына байланысты Көкшетауда қызылша 110-нан 97 теңге/кг-ға (12%) дейін арзандады.


Бұрыш бағасы бір апта ішінде Шымкентте 70 теңге/кг-ға (23%) дейін, Астанада 200 теңге/кг-ға (20%) дейін, Ақтөбеде 130 теңге/кг-ға (10%) дейін арзандады. Мұның себебі — сатылымдағы өнім көлемінің артуы мен көтерме бағаның түсуі. Мұнымен қатар сатылымдағы өнім көлемінің азаюы себебінен бұрыш Павлодарда 140 теңге/кг-ға (17%) дейін, Қызылордада 80 теңге/кг-ға (14%) дейін қымбаттады.

Еліміздің оңтүстігінде бақша дақылдарының жаппай жиналу науқанының аяқталуы мен нарықтағы өнім көлемінің азаюына байланысты қарбыз бағасы Көкшетауда 45-тен  50 теңге/кг-ға (11%) дейін, қауын бағасы Астанада 153-тен 182 теңге/кг-ға (19%) дейін қымбаттады.

Отандық тауар өндірушілердің өсірген баялдысының жаппай пісуі және нарықтағы өнім көлемінің артуы көкөністің Таразда 95-тен 80 теңге/кг-ға (16%) дейін, Қарағандыда 117-ден 99 теңге/кг-ға (15%)  дейін, Астанада 167-ден 143 теңге/кг-ға (14%) дейін, Қостанайда 200-ден 175 теңге/кг-ға (13%) дейін және Талдықорғанда 96-дан 86 теңге/кг-ға 1(0%) дейін төмендеуіне себеп болды.

Ақтөбеде балық бағасының өсімі байқалды: мөңке балық  250-ден 350 теңге/кг-ға (40%) дейін, сазан 413-тен 538 теңге/кг-ға (30%) дейін, шортан 400-ден 500 теңге/кг-ға (25%) дейін қымбаттады. Бұған сатылымдағы өнім көлемінің азаюы мен мөңке балықтың көтерме сауда бағасының 220-дан 270 теңге/кг-ға (23%) дейін, сазанның көтерме сауда бағасының 330-дан 430 теңге/кг-ға (30%) дейін, шортанның көтерме бағасының 300-ден 400 теңге/кг-ға (33%) дейін артуы себеп болған.