Бұл туралы бүгін Алматыда Ұжымдық Қауіпсіздік туралы Шарт Ұйымына (ҰҚШҰ) мүше елдердің төтенше жағдайлар бойынша үйлестіруші кеңесінің жетінші отырысында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов мәлім етті.
Қала әкімінің айтуынша, Алматыда жер сілкінісіне қарсы арнайы бағдарлама қабылданған. Ал салынатын құрылыстардың орны сейсмикалық картаның негізінде таңдап алынады.
«Алматыда жыл сайын жер 2 баллдан 5 баллға дейінгі жер сілкіністері болып тұрады. Мысалы, соңғы рет 16 тамыз күні Алматы қаласынан 42 шақырым жерде 5,2 баллдық жер сілкінісі тіркелді. Әрине, бұл зілзаланы болжау өте қиын. Алайда, ең бастысы — төтенше жағдайлар болып жатқан кезде және одан кейінгі сәттерде байланыс орнату, халықты құлағдар ету, құтқару жұмыстарын үйлестіру. Сондықтан осындай қиын-қыстау сәттерде билік органдары мен тұрғындардың өзара үйлесімді әркет жасауы өте маңызды», — деді А.Есімов.

Өз сөзінде қала басшысы жауапты органдарды және жұртшылықты кез-келген төтенше жағдайға жан-жақты дайын болуға және бұл салада біліктілікті арттыруға, сондай-ақ ҰҚШҰ мүше елдерді қажет жағдайда өзара көмек көрсетуге қашанда әзір болуға шақырды.
Отырысқа үйлестіруші кеңестің мүшелері, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан республикаларының және Ресей Федерациясының төтенше жағдайлар бойынша ведомстволарының өкілдері, сондай-ақ ҰҚШҰ бас хатшысы Николай Бордюжа қатысты.
