Оқулық жыры басталды - Үкімет аптасы - kaz.caravan.kz
  • $ 487.01
  • 557.87
+26 °C
Алматы
2026 Жыл
23 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Оқулық жыры басталды - Үкімет аптасы

Оқулық жыры басталды - Үкімет аптасы

Ата-анасының қамқорлығынан айырылып, «тұл жетім» қалған қандасының көзін жәдіретіп далада

  • 6 Қыркүйек 2014
  • 919
Фото - Caravan.kz

қалдыруды өзіне ар санаған қазақ халқы ата-анасының қамқорлығынан ада қалған баланы бауырына басып, бауырмалдығын танытып отырғандығы белгілі. Өкінішке қарай, заманның өзгеруіне орай ұлтымыз үшін мүлдем жат болып келген «тұл жетім» түсінігі біраз жылдан бері қоғам санасына сіңіп, дендеп кеткен-ді. 

Қуантарлығы, соңғы жылдары елімізде ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға мемлекет тарапынан зор көңіл бөліну үстінде. Олардың әлеуметтік жағдайларын жасап, кәмелеттік жасқа толып, балалар үйінен кеткеннен кейін де арнайы білім гранттарын тағайындау арқылы білікті маман болып шығуына мүмкіндік беруде, тіпті, баспаналы болуларына да көңіл бөлуде. Міне, мемлекеттің осындай жұмыстарының нәтижесінде соңғы жылдары еліміздегі ата-ана қамқорлығынсыз және жетім қалған балалар саны біршама төмендеп отыр. Мұны күні кеше ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау комитетінің төрайымы Забира Оразалиева мәлім еткен еді.

Жалпы, ресми статистикалық деректерге көз жүгіртсек, республикадағы жетімдер мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың саны 2006 жылы — 51294, 2009 жылы — 42494,  2010 жылы 38 386 болған. Ал, бүгінде олардың саны —  33 680. Олардың ішінде 21 856 бала қазақстандық отбасылардың қамқорлығында, ал 1947-сі патронаттық тәлім-тәрбие алуда. Тек соңғы жылдың ішінде ғана еліміздегі жетім балалардың саны 8812, балалар үйлерінің тәрбиеленушілерінің саны 5237 балаға кеміді. Яғни, осынау статистикалық деректерден-ақ олардың санының жылдан-жылға біртіндеп төмендеп келе жатқанын байқауға болады. Әрине, мұның барлығы да баланың тәлім-тәрбиесіне бей-жай қарамайтын қоғамдық ұйымдардың, қайырымдылық қорлар мен жекелеген азаматтардың, сонымен бірге мемлекет тарапынан жасалып жатқан жан-жақты қолдаудың қомақтылығын көрсетсе керек. Алайда, қоғамымызда әлеуметтік жетімдік мәселесі өзектілігін әлі күнге толығымен жоймады әрі ең түйткілді мәселелердің бірі болып отырғандығы шындық.

Осынау күрмеуі көп күрделі мәселені шешудің жолдарын мемлекет те жан-жақты қарастыру үстінде. Мәселен, З.Оразалиеваның айтуынша, келер жылдан бастап жетім қалған баланы бауырына басып асырап алғысы келген ата-анаға мемлекет тарапынан бір реттік қомақы ақша берілетін болады. «Ендігі уақытта 2015 жылдың қаңтарынан бастап бала асырап алатын Қазақстан азаматтарына 75 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі бір реттік ақша төленетін болады. Ол 148650 теңгені құрайды», — деді ол.

Бұдан бөлек, егер балалар үйінің шамамен 10 тәрбиеленушісін асырап алуға келісетін отбасы болса, оған мемлекет тарапынан мол көмек беріледі. Атап айтқанда, асырап алушыға жалақы төленіп, үй-жайын жөндеу жұмыстарына және басқа да қажеттіліктеріне де мемлекет тарапынан қомақы қаржы қарастырылатын болады. Мемлекеттің мұндай қадамға еліміздегі ірі жетім балалар үйіндегі жүктемені төмендету мақсатында барып отырғаны белгілі.

Жалпы, елімізде жетім  балаларды асырап алуға ниет танытушы ата-аналардың қарасы мол. Мұны да жоғарыда атап өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Мәншүк Әбдікәрім айтты. «Бүгінде республика бойынша 2,5 мыңнан астам ата-ана бала асырап алу кезегінде тұр. Олардың шамамен 10 пайыздан астамы 6 жастан асқан балаларды асырап алуға ниетті. Ал қалғандары жаңа туған нәрестеден бастап 3 жасқа дейінгі сәбиді асырап алғылары келеді. Дәл осы жайт еліміздегі бала асырап алуға ниет танытушылардың кезегін қалыптастырып отыр», — деді ол.

Демек, бала асырап алуға ниетті ата-аналардың қатары мол екендігін байқауға болады. Бірақ, бала асырап алмақ болған ата-ананың талабына сай келетін 3 жасқа толмаған дені сау нәрестені табу қиын. Айта кетерлігі, бала асырап алу — адам өміріндегі күрделі әрі жауапты қадам. Жатырынан шықпаған баланы бауырына басып, жарық дүниеге әкелген ата-ананың мейірімін төгу оңай шаруа емес  екендігі анық.  Бүгінде Қазақстанда «Жетім балалар және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың ашық деректер базасы» жобасы іске қосылды. www.usynovite.kz сайтында балалар үйлерінде және нәрестелер үйіндегі балалардың шағын сауалнама ретінде туынды деректері берілген. Әлеуетті бала асырап алушылар, қамқоршылар үшін кез келген ақпарат құнды, бұл балаларға өздерінің ата-аналарын кездестіруге мүмкіндік беруі мүмкін.

Өкінішке орай, асырап алынған балалардың жыл сайын  10-15-сі балалар үйіне қайта оралып жататындығы жайында да деректер бар екендігін М.Әбікәрім жасырмады. «Балалардың қайта оралуы, өкінішті болса да орын алып жатады. Біздің статистикалық деректерге сәйкес жыл сайын қазақстандық отбасылар асырап алған шамамен 10-15 бала балалар үйіне қайтып оралады. Мұның басым бөлігі ата-аналардан ауру табылуына байланысты орын алады. Егер бала ересек болса, онда оның ата-анаға бейімделу кезеңі де өте қиын жүреді. Тіпті, кейде ата-аналардың да баланы қабылдауға дайын еместігі байқалып қалады»,  — деді ол.

Айтпақшы, жетім балалар үйлерінің түлектері төрт құбыласы сай, әкесімен анасының қолында өскен балалармен бірдей мемлекеттік грант арқылы білім алуларына да мүмкіндіктері мол. Бұған қоса, З.Оразалиеваның сөзіне қалғанда, балалар үйінің шамамен 197 мың түлегі Қазақстанның бірінші ханымы Сара Назарбаеваның білім гранттарының иегері атанып, техникалық және кәсіби колледждер мен ЖОО-ларда білім алған әрі қазір де оқып жатыр. «Ағымдағы жылдың өзінде Сара Алпысқызының қолдауымен балалар үйінің 6889 тәрбиленушісіне білім алу үшін арнайы депозиттік шот ашылды», — деді ол.


Қазіргі таңда жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған қамқөңіл балалар санының жоғарыда жылдан-жылға кеміп келе жатқанын айттық.  Десек те, тағдырдың теперешіне ұшырап, сан алуан жайттардың салдарынан ата-ананың мейіріміне сусаған балалар кездесетіндігі өмір шындығы, тіршіліктің қатал заңы деуден басқа амал жоқ. Бірақ, оларды жетімсіретпеу біздің қоғамның басты изгілікті қағидаты болса керек. Қалай болғанда да «Жетім қозы — тасбауыр, түңілер де отығар» демекші жетім бала жетіліп, қоғамымыздың белсенді бір мүшесіне айналары сөзсіз.

Оқулық жыры басталды

Бүгінде мектеп табалдырығын аттаған оқушының басты мұңы оқулық тапшылығы болып тұр. Әрине, еліміздің барлық өңірінде бірдей балалар кітап таппай сандалып жүр деп айта алмаймыз. Бірақ, еліміздің 5 өңірінде оқулық жетіспеушілігі орын алып жатқандығын бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі, орта білім және ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева мәлім етті. «Ақмола облысында Сандықтау, Жақсы, Шортанды аудандары мен Степногор қаласында, Шығыс Қазақстан облысында Тарбағатай, Ұлан аудандары мен Өскемен қаласында, Қостанай облысында Жітіқара ауданы мен Лисаков қаласында, Солтүстік Қазақстан облысында Аққайың, Айыртау, Шал ақын, Ғабит Мүсірепов, Жамбыл, Ақжар, Мағжан Жұмабаев аудандары мен Петропавлда және Қызылорда қаласында оқулықтар жетіспейді», — деді Ж.Жонтаева. 

Оның сөзіне қарағанда, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана және Алматы қалаларының оқушылары 100 пайыз оқулықтармен қамтылыпты-мыс. Алайда, бұл деректің өзінің 100 пайыз шындық екендігі күдік тудырмай қоймайды. Мәселен, еліміздің елордасы Астана  қаласының өзінде баласына оқулық іздеп шарқ ұрған ата-атаны кітап дүкендерінен-ақ байқауға болады. Осы мәселеге қатысы БАҚ өкілдерінің сауалына департамент басшылығы да оңды жауап беруге қауқарсыз болып шықты. Айтпақшы, бүгінде еліміздің «Білім туралы» Заңына сәйкес Білім және ғылым министрлігінің құзіретіне тек оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың бағдарламасын әзірлеу кіреді. Бекітілген бағдарлама жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі. Осыдан кейін жергілікті атқарушы органдар баспамен келісімшартқа отырып, аймақтардағы мектептерді оқулықпен қамтамасыз етуге міндетті. Міне, осы себепті де жоғарыда атап өткен өңірлерге оқулықтың жетіспеушілігіне министрліктің еш қатысы жоқ екен. Облыстық, аудандық әкімдіктер ағымдағы жылы мектептердің оқулықпен қамту үшін жергілікті бюджеттен 8 миллиард теңгеден астам қаржы ақша бөліп, ол аудандық, қалалық білім бөлімдеріне берілген. Кітаптар да дайын. Бірақ, діттеген жерге орталықта шығарылған оқулықтар жетіп болар емес. Ал бұған өңірлердің өздері кінәлі. Министрлік болса, бұл кінәлілілерді жазалауға келгенде қолы қысқа. Өйткені, өңірлік білім бөлімдерінің басшылығын жергілікті әкімдік тағайындайды. Сондықтан да министрлік министрдің атынан облыстардың әкімдеріне мектептерді оқулықпен қамтудағы олқылықтарға жол берген басшыларды жазалауды сұрап хат жазудан аса алар емес. «Бүгінгі күні Білім және ғылым министрінің хатын дайындадық. Облыс әкімдеріне оқулықтарды уақтылы жеткізуді ұйымдастырмаған, Білім туралы заңның орындалуына кедергі келтірген аудандық, қалалық білім бөлімінің басшыларына шара қолдану туралы ұсыныс хат жолданды», — деген еді бүгін Ж.Жонтаева.

Қалай болғанда да бұл мәселенің түйіні тарқар. Баласына мектептен берілетін оқулық жетіспегендіктен кейбір ата-ана сатып та әперер. Бірақ, бұл мәселенің жыл сайын қайта-қайта көтерілуіне жол бермеу үшін мүмкін, кейбір дамыған мемлекеттердегідей кітаптарды сандық форматқа алмастырып, нетбук, ноутбук, планшетке жүктеп алу мүмкіндігін беру керек шығар.