Орталық көшелердің біріне жаңа су құбыры төселген. Құрылысшылар ол үшін жолды бұзып, кейін қалпына келтірмей, тас төсеп кетіп қалыпты. Енді көлік жүрген сайын ол жан-жаққа атылып, тұрғындардың әбден мазасын алып жатыр. Жұрт жобаға бөлінген қаржы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті деп ашынып отыр.
Былтыр мұнда жолды қопарып, жаңа су құбырын жүргізген. Алайда, іс аяқсыз қалып, өткелдің астаң-кестеңі шықты. Жұмысшылар асфальт жаюдың орнына тастарды төсей салған.
-Көше бойына жайылған тастардың көбі алақанға да сыймайды. Бұл жермен жүйткіген көліктердің кесірінен олар жан-жаққа бытырадай атылады екен. Сондықтан тұрғындар жолға жақын барудан жүрексінеді.
Жергілікті жұрт әу баста-ақ жұмыстың салақ жүргізіліп жатқанын айтып, шағымданыпты. Бірақ тыңдайтын құлақ табылмаған.
Бақыт Бақдариева, Семей қаласының тұрғыны:
-Жаз бойы жұмысшылардың ауызы арақтан босамады! Тіпті, бізден қажетті құрал-саймандарды сұрап, мазамызды алды. Сұмдық қой бұл. Осыдан кейін қандай сапа болады?!
Осы көше арқылы өтетін жалғыз автобус та жүруін тоқтатқан. Тұрғындар барлығына шикі жобаны қабылдаған әкімдік айыпты деп отыр. Айтуларынша, шенділер қыруар қаржыны талан-таражға салған.
Болат Оспанов, Семей қаласының тұрғыны:
-Бұл суды басқа жақпен өткізуге болар еді. Арзан болушы еді! Бірақ Үкіметтің ақшасын аяйды ма?! Қалтаға кетті жартысы! Ақшасы бөлінді, бәрі жасалады деді! Неге өтірік алдайды?
Ал әкімдіктегілер өздеріне шаң жуытар емес. Барлығына қаржының жетіспеушілігі қолбайлау болған көрінеді. Жолды қалпына келтіруге арналған 85 млн теңге уақытылы бөлінбей, жұмыс тоқтап қалған.
Жанна Шаймұратова, Семей қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:
-Бұл жұмыстар қалған қаржы бөлінген кезде ғана жалғасады. Құрылыс бөлімі қазан айындағы мәслихат отырысына өтініш беріп қойған. Содан кейін ғана қалпына келтіру жағы шешілетін болады
Егер қара күзде қаржы қарастырылса, күн райының қолайлы болуын тілеу керек екен. Себебі, күн суытып кетсе, жұмыс келер жылы ғана жалғасуы мүмкін.