Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «KEGOC» АҚ-ның басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев мәлім етті.
Оның айтуынша, ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, Қазақстанның қор биржасында құнды қағаздар 10 пайыз минус бір акция көлемінде орналастырылатын болады. Құны 505 теңгені құрайды.
«Акцияларды сатып алуға өтінім бір ай бойы, ағымдағы жылдың 5 қарашасынан 3 желтоқсанға дейін жалғасады. Ал желтоқсаннан бастап акциялар KASE жүйесінде еркін айналымға шығарылатын болады», — деді Б.Қажиев.
Оның сөзіне қарағанда, ІРО барысында негізгі басымдық жеке инвесторларға — Қазақстан азаматтарына беріледі. Өтінімдерге шектеу қойылмайды.
«KEGOC» АҚ Халықтық ІРО кезінде акцияларды сатып алу үшін өзінің қызметкерлеріне сыйақы берген жоқ. «Біздің қызметкерлерге компанияның акцияларын сатып алуға мүмкіндік жасау үшін оларға сыйақы бөлдік деген ақпарат қайдан шыққанын білмеймін»,-деді Б. Қажиев тілшілер сауалына жауап беру кезінде.
Осы орайда компанияда сыйыақы берудің тәртібі бар екендігіне тоқталған ол: «яғни, бізде жұмысшылар үшін тоқсандық сыйақылар бар және ол сыйақы компанияда табыс болған кезде ғана бөлінеді. Ал кіріс болмаса, онда сыйақы бөлінбейді. Атап айтқанда, біздің барлық қызметкерлер еліміздің азаматтары секілді компанияның акцияларын сатып алуға құқылы. Сондықтан, олар өздерінің құқықтарына сай бұл тұрғыда әрекет етеді»,-деп түйді.
Айта кетейік, 5 қарашадан «KEGOC» акциясын сатып алуға өтінім қабылдана бастайды. «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар Кеңесінің бекітілген шешіміне сәйкес, алғашқы лекте «KEGOC» АҚ қарапайым акцияларының 25 999 999 данасы саудаға шығарылады. Қарапайым бір акцияның құны — 505 теңге.

