ШҚО-да тұрғындар суға сараң әкімге қарсы шықты - kaz.caravan.kz
  • $ 489.39
  • 567.5
+24 °C
Алматы
2026 Жыл
18 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
ШҚО-да тұрғындар суға сараң әкімге қарсы шықты

ШҚО-да тұрғындар суға сараң әкімге қарсы шықты

Сараң әкім келсе су құриды. Шығыс Қазақстан облысының Ново-Азов ауылының тұрғындары жергілікті басшылықты осылай айыптап отыр. Олар пысықай әкім ауызсу құбырларын өз қарамағына алып, тіршілік нәріне шектеу қойғанын алға тартуда. Салдарынан тұрғындар енді ауызсудан өзге, бау-бақшаны суару мен төрт түлікке құяр дүниені де сатып алуға мәжбүр екен. Бірақ ақшаның кешіктірілмей төленетініне қарамастан су небәрі екі сағатқа ғана берілетін көрінеді.

  • 6 Қараша 2014
  • 225
Фото - Caravan.kz

Қайрат Базылжанов жергілікті шаруалардың бірі. Қорасында 25 бас ірі қара ұстап отыр. Бірақ жылдан жылға төрт түліктің күтімі қиындап бара жатқан көрінеді. Себебі су күніне небәрі 2 сағатқа берілетіндіктен, не малға су құя алмай, не өздері ішетін тіршілік нәрін толтырып үлгермейді екен. Осыған наразы тұрғындар төлеген ақшаны есептеп, жағаларын ұстапты.

Қайрат Базылжанов, Ново-Азов ауылының тұрғыны:

— 820 мың шығып отыр, оны қалталарына салып алған. Енді біз сол мәселені шешуіміз керек. Айтып отырған сомма бір жыл емес, 9 айдікі. Ал ол кісі жұмыс істегеніне 8 жыл болды. 8 жылдың ішінде мына сомманың бәрін қосып есептегенде 7 млн 770 мың шығып отыр. Біз соны тексерейік деп отырмыз.

Анықталғандай жаңа тариф жаңа басшылықтың келгенінен соң қойылыпты. Өзі әкім, әрі өзі ауылды сумен қамтамасыз етемін деп екі қызметті бірге арқалаған шенеунік елді-мекендегі үй санын есептеп, ауызсу құнын шығарыпты. Бау-бақшаны суарып, мал жайы мен өздерінің қажеті үшін әр шаңырақ айына 4 мың теңгеден төлеуі тиіс деп шешкен. Бұл бассыздыққа шағымданған жұрт ауыл басшылығына барғанымен нәтиже жоқ.


Нұрлыхан Нұртазин, Ново-Азов ауылының тұрғыны:

-Аудан әкіміне хабарластық.   Келген жоқ. Оған бұл керек емес. Бұл жерде бәрі бір-бірін тіреп отыр.

13 жыл бойы орнынан қозғалмай отырған әкімге жұрт қыруар қаржыны қалтаңа бастың деп айыптап, орнынан кетуді талап етіпті. Бірақ басшы берешегі барлар төлемеудің амалын жасауда деп өзіне шаң жуытар емес.

Мақсат Салтанияров, Ново-Азов ауылдық округінің әкімі:

800 мың теңге негізінен оны тексеру керек. Оның 800 мыңдай болуы мүмкін емес. Біз комиссияны сайладық, олар қанша ақша екенін тексереді. Содан соң халыққа түсіндіріп айтамыз.

Қазір ауылда жаңа су құбырлары тартылып жатыр. Бірақ бұл жаңалық ново-азовтықтарды қуанта қоймады. Себебі ескі тариф жаңа құбырға да таралатын көрінеді. Амалы таусылған жұрт енді қолдарындағы малды сою немесе жақын жерде орналасқан ауылдарға көшуді жоспарлап отыр.