Сегіз ай қамауда болған Ерлан Арын сотқа тұтқындарға арналған көлікпен жеткізілді. Бұдан бұрын денсаулығының нашарлағанын айтып шағымданған шенеуніктің түрмедеге халі расында онбағанға ұқсайды.Экс-әкімнің жүйкесімен бірге шашы да жұқарып қалыпты. Ал жабық түрде өткен алғашқы отырысқа БАҚ өкілдерінің кіруіне рұқсат берілмеді. Арынның адвокаттары сұхбат беруден бас тартты. Мәліметтерге қарағанда, қорғаушылар тергеуді тағы басынан бастауды сұраған екен. Алайда, сот бұл жолы талаптарын қанағаттандырған жоқ.
Радимхан Дубаева, Павлодар облыстық прокуратурасы басқармасының басшысы:
-Сот Ерлан Мұхтарұлы Арынға қатысты қылмыстық істің алдын- ала тыңдауын өткізді. Сот қорғаушы тараптың істі қайта тергеуге жіберу мен алдын кесу шаралары туралы өтінішін қабылдамады.
Дегенмен, мемлекеттік айыптаушылар шенеунікке бұдан бұрын тағылған өзге айыптардың қосымша тергелетінін жеткізді.
— Ерлан Арын «алаяқтық», «ірі көлемдегі пара алу» және «қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру» деректері бойынша айыпталып отыр. Аймақтың бұрынғы басшысы кәсіпкерден түскен 1 млн 650 мың теңгені алаяқтық жолмен қолды еткен. Тағы 5 млн теңгеден астам қаражат көлемінде пара алған көрінеді. Экс-әкімге сондай-ақ, «мемлекеттік мүлікті заңсыз жекешелендірген» деген кінә да тағылуда.
Соттың негізгі отырысы келесі дүйсенбіге белгіленді. Егер кінәсі дәлелденсе, экс-әкімнің бостандықты жақын уақытта көрмесі анық.