Әлеуметтік желілер тіптен шулады. Бірақ тиісті мекемелер мұндай қадамға амалсыздан барады, деп жазады «Астана ақшамы» басылымы.
Жалпы, нәрестелерге арналған бэби-бокстер Чехия, Жапония, Канада, Швеция сынды елдерде пайда болғалы қашан. Оны 1198 жылы Рим Папасы Иннокентий ІІІ ойлап тапқан деседі. Сол заманда қиындық көрген аналар омыраудағы нәрестелерін Тибр өзеніне ағызып жібереді екен. Судың ағысы жағалауға лақтырып тастаған өлі сәбилерді көрген Рим Папасы қатты қайғырып, храмның қабырғасына осындай жәшіктер орнатқызыпты-мыс.
Чехиялықтар 2005 жылдан бастап, тастанды сәбилерге арналған жәшіктер орнатқан. Бүгінде Чехиядағы «төртбұрышты үйлердің» саны 50-ге жетіпті. Ал, Германия осындай жүздеген жәшік орнатып үлгерген. Тастанды сәбилер проблемасынан Оңтүстік Корея да құралақан емес. Жыл сайын Сеул көшелерінде жүздеген нәресте тасталады екен.
«Елімізде нәрестелерге арналған жәшіктерді орнату Алматы қаласынан бастау алмақ. Басты мақсаты — сәбилердің өлімін азайту, анасы бас тартқан шақалақтардың өмірін аман сақтап қалу. Бұл жәшіктерді ақхалаттылар «өмір терезесі» деп те атап жүр. Оның ішіндегі температура 30 градус болады. Сәбилер жайлы төсекпен де жабдықталатын болады. Шақалақ жәшікке тасталысымен, оның есігі 30 секундтен кейін автоматты түрде кілттеніп қалады. Сәбилердің қауіпсіздігі үшін солай істеледі. Содан кейін медицина қызметкерінен басқа ешкім мұнда кіре алмайды. Арнайы орнатылған дабыл соғылған сәтте ақхалаттылар тастанды сәбиді алып кетеді. Ары қарай балалар заң бойынша мемлекет қамқорлығына алынады. Тіпті, бала асырағысы келетін мейірімді отбасыларға берілуі де мүмкін. Жәшіктерді орнатудың басты мақсаты да — осы», делінген мақалада.
«Кезінде осындай бэби-бокстарға қатысты БҰҰ-ның бала құқығы жөніндегі комитеті өз наразылықтарын білдіргені бар. Олардың пікірінше, арнайы жәшіктерге балалар жасырын түрде тасталатындықтан, сәбидің аты-жөні, ата-анасы белгісіз болып қалады. Ал бала есейе келе, өзінің ата-анасын білуге құқы бар. Осы тұрғыдан келгенде, жәшіктерді орнату — баланың құқығын шектеу деген сөз», деп жазады елордалық басылым.