-Өз бетімен тізім құрған. Сөйтіп кезекке тұрғандарды өткізбей жатыр. Төбелес. Дұрыс емес қой ол.
Бүгіннен бастап пәтер кезегіне құжат қабылданатынын естіген жастардың қарасы қалың. Алды түнгі 3-те келіп, өздері тізім құрған. Жұмыс күні басталған сәтте жастар саны тіпті көбейді. Бірақ ғимарат ішіне сыймай кезекке таласып, тартысып жатқан жұртпен ешкімнің ісі жоқ.
Берік Бекішев, Көкшетау қаласының тұрғыны:
-Таңғы 3-те 30 кісідей болдық. Ұйымшылдық жоқ бұл жерде. Құжатты 1-ақ кісі қабылдап жатыр. Міне, 3 сағатта 20-22 адам қабылданды.
Әлі құрылысы аяқталмаған 80 пәтерді баспанасыз жүрген 800-ге тарта көкшетаулық жас отбасы бөліске салуы керек. Яғни мына тұрған жастардың әлі талай жыл біреудің есігін сағалауына тура келеді деген сөз. Осыған налыған ақынжанды жігіттің бірі былай деп ақтарылды.
Қуаныш Оспанов, Көкшетау қаласының тұрғыны
— Менде де бар әйел менен жас бала.
Көкшетауым ол да маған астана.
Қинайтыны өз жерінде қазақтың,
Пәтерақы төлеп жүрмін басқаға.
Болмасам да Көкшетауда бас ақын.
Жөн жоқ еді үй деп басым қататын.
Жиреншелер бақытты екен біздерден.
Ен далаға лашық тігіп жататын.
Шынымен де құжат қабылдап жатқан бір ғана қызметкер екен. Таңертеңнен бері 17 адамды ғана қабылдадым дейді саспай.
Наталья Глушакова, Көкшетау қалалық тұрғынүй коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметкері:
-Бәрі кезекпен кіреді. Иә, көп адам екенін білеміз. Екі көмекшім бар, үшеуміз қабылдап жатырмыз. Олардың барлығы бірдей бәрібір өтпейді, абыр-сабыр қылып шулатып жатқан өздері.
Пәтер кезегіне құжат қабылдау желтоқсанның 12-сіне дейін жалғасады. Одан кейін әкімдік тарапынан құрылған комиссия олардың арасынан баспанаға лайықты отбасыларды сұрыптап алады.