Кезінде Павлодар облысын басқарған, премьер-министр, Қорғаныс министрі сияқты лауазымды қызметтер атқарған Ахметов 2009-шы жылғы қорғаныс саласындағы жемқорлық дауынан соң біраз уақыт көрінбей кетіп еді. Бүгін оны Шығыс өңіріне премьер министр Кәрім Мәсімовтің өзі апарып таныстырды. Ал, бұған дейін осы аймақты 5 жыл тапжылмай басқарған Бердібек Сапарбаев керісінше, Астанаға оралды. Енді ол Үкімет басшысының орынбасары. Елордадағы ауыс-түйіс бүгін мұнымен шектелген жоқ. Елбасының жарлығымен, бүгін Гүлшара Әбдіхалықова Мемлекеттік хатшы орынтағына жайғасты. Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Президент кеңесшісі, ал бүгінге дейін Премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарған Әбдіқалықова ханым ел тарихында бұдан былай мемлекеттік хатшылық қызметке тағайындалған тұңғыш әйел болып қалмақ.