Батырды соңғы сапарға шығарып салуға келген қала әкімі Ахметжан Есімов ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту жеделхатын оқып берді.
«ҰОС-ның аты аңызға айналған қаһарманы, Кеңес Одағының батыры атағының екі мәрте иегері, даңқты ұшқыш Талғат Бигелдинов ағамыз өмірден өтті. Барша қазақ халқына көңіл айтамын. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Талғат Жақыпбекұлы ел басына күн туған шақта ерлік пен шеберліктің таңғажайып үлгісін көрсетіп еді. Сонысымен өзін де, халқымызды да өшпес даңққа бөлеген болатын. Ол кісі бейбіт өмірге оралғаннан кейін де азаматтық авиация және құрылыс салаларында жемісті еңбек етіп, қарапайымдылығымен, зор ұйымдастырушылық қабілетімен, жақсы адамгершілік қасиеттерімен өзгеге үлгі бола білді. Өздеріңіз білесіздер, халқымыз ол кісіні ерекше мақтан тұтты. Дүние есігін ашқан мыңдаған сәбилерге ол кісінің есімін берді. Олардың көбі батыр ағасына еліктеп, білікті маман, жақсы азамат болып өсті. Қазақстандықтар қаһарман отандасымыздың есімі мен еңбегін еш ұмытпайды деп сенемін. Марқұмның топырағы торқа, жаны жәннатта болсын», — деді ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің көңіл айту жеделхатында.
Мәскеуде маңызды іссапарда жүруіне байланысты ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағанбетов қаралы жиынға қатыса алмады. Оның көңіл айту жеделхатын министрдің орынбасары Талғат Мұхтаров оқып берді.
«Еліміздің даңқты азаматы, екі мәрте Кеңес одағының батыры Талғат Бигелдинов ағамыз өмірден озды. Жақындары мен туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Сонау ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен қан кешкен сұрапыл соғыс жылдары небір қаһармандық үлгі көрсетіп Талғат ағамыз 2 мәрте батыр атағына ие болды. Одан кейін де маңдай терін ел тыныштығына арнады. Қазақстанның батыр ұлы ретінде мемлекетіміздің тәуелсіздігін табанды, егемендігін баянды етуге зор үлес қосты. Өзінің баға жетпес ерлігімен жас ұрпаққа тұлға ретінде үлгі бола білді»,- деді ҚР Қорғаныс министрі И.Тасмағанбетов.
305 жауынгерлік тапсырмамен әуе шайқасына қатысып, жаудың жойғыш ұшақтарының көзін құртқан атақты батырдың аты қазақ тарихында алтын әріппен жазылары сөзсіз. Бүкіл Кеңес әскерінің ішінен Берлинге бірінші болып ұшып кіріп, жау ұясына бомба тастаған қазақ батырының ерлігі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде үлкен құбылысқа айналған. Айта кету керек, Талғат Бигелдинов — барлық ТМД елдері бойынша көзі тірі жалғыз Кеңес Одағының екі мәрте батыры болатын.
«Өмірден ұлы тұлға кетті. Оның қазасы біздер, ұшқыштар үшін үлкен қайғы. Ол аңыз адам біздің ұстазымыз болғанын өте мақтан тұтамыз. Одан әуеде ұшу тұрғысынан болсын, өмірлік болсын, өлшеусіз тәжірибе алдық. Соғыстан кейінгі жылдары туған балалардың көбіне Талғат есімі берілді. Сол азаматтай елін қорғайтын ер болсын деп. Мен де солардың бірімін», — деді Талғат Мұсабаев.
Батырдың денесі Кеңсай-1 зиратында жерленді. Ертең Алматыда батырдың қаза болуына байланысты ас беріледі.

Ақмолалықтар 93 жасқа қараған шағында өмірден озған екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің аруағына тағызым етті.
Даңқ аллеясында батыр ескерткішінің маңына жиналғандардың арасында облыс әкімі Сергей Кулагин де болды.
Аймақ басшысы кең жүректі, аты әлемге әйгілі аңыз адамнан айрылып қалған жерлестерінің қайғысына ортақ екендігін жеткізді.
"Бізде елге еңбегі сіңген аптал азаматтар аз емес. Бірақ Талғат Жақыпбекұлы айрықша адам еді. Оның өзгелерден ерекшелігі сонда, дардай атағына қарамастан, кез-келген адаммен тіл табысып кете баратын. Мен батырмен 25 жылдай уақыт таныс, аралас болдым. Ол өте қарапайым жан болатын. Оның кеудесінде жарқыраған медальді көріп қалмасаң, есімін ешқашан жарнамаламайтын. Өзінің асқан танымалдығын жеке басының мүддесіне пайдаланып көрген емес. Ұдайы айналасындағыларға көмек қолын созып жүретін. Соғыстан кейін де ол жастармен көп кездесіп, оларды патриоттық рухта тәрбиелеуге күш салды. Жауынгердің ашық, мейірімді, қарапайымдылығына тағы бір мысал келтіргенді жөн санап тұрмын. Біз батырға осы жерден ескерткіш мүсін қоярда онымен ақылдасқанымызда ол ыңғайсызданып, біздің ескеріп, назар аударғандығымыздың өзіне риза болып жатты. Оның араласқан ортасы да өзі сияқты қарапайым жандардан құралған еді", — деді ол өз сөзінде облыс әкімі.
Даңқты батырды соңғы сапарға шығарып салардың алдында ұйымдастырылған бұл митингке өңірдегі зиялы қауым өкілдері мен жергілікті атқарушы және өкілетті органдардың басшылары, облыстық қорғаныс істері департаментінің офицерлері, Көкшетау техникалық институтының курсанттары, 55/10 әскери бөлімінің сарбаздары, сондай-ақ қарапайым көкшеліктер қатысты.
Жиналғандар Талғат Бигелдиновке арнап орнатылған бюстке аза гүл шоқтарын қойып, батырды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Талғат Бигельдиновтың КТК арнасындағы "Жүрекжарды" бағдарламасына берген сұхбатын тамашалаңыздар. Күнтізбеден Талғат Бигельдинов (08.05.2011) , яғни 2011 жыл, 08 мамыр айы.
