Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, бүгін мемлекет басшысына Сирияға қатысты соңғы мәліметтерін алып келді. Бұл мәселеге қырағы барлау жүргізіп отырған Нұртай Әбіқаев, әсіредіншілдердің адамдарды қалайша арбап, соғысқа жіберіп жатқанын жақсы біледі. Бірақ ол құпия ақпарат болғандықтан ашып айтқан жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев, Әбіқаевқа жастарды дінінен адастырып жатқандарды тауып, экстремизм мен терроризмге күресті күшейтуге тағы пәрмен берді. Өйткені, қазақтар әйел бала-шағасымен Сирия басшысы Башар Асад режиміне қарсы «Ислам мемлекеті» содырларының қатарына жаппай қосылып жатыр. Жалаң идея үшін шекара асқан жерлестеріміздің саны 300-ден асқан.Оның тең жартысы әйел. Тіпті жақында, Шамда жүрген «жиһадшы қазақ балалары» жайында жарияланған кезекті жантүршігерлік видео жұртты шошытты.