Аталмыш қойылымды ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықова бастаған мемлекет және қоғам қайраткерлері тамашалайды, деп күтілуде.
Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау аясында «Абылай ханның арманы» атты тарихи драмасыаздаған өңдеуден өтіп, көрерменге қайта ұсынылады. Авторы — белгілі жазушы, журналист, зерттеуші, драматург Думан Рамазан, режиссері — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Бұл Д.Рамазан мен Б.Ұзақов шығармашылығындағы екінші тарихи туынды болмақ. Бұған дейін 2010 жылы драматург пен режиссер үндестігінде «Кенесары — Күнімжан» атты тарихи драма дүниеге келіп, бүгінгі таңға дейін көрерменнің сұранысына ие қойылымның бірі болып табылады.
«Абылай ханның арманы» — Абылай ханның жоңғар тұтқынына түскен кезінен басталады. Абылай ханның қазақ халқын өмір өткелегінен қалай аман-есен алып шыққаны баяндалады. Егер сол кезде Абылайхан жүргізген ұлы саясат болмаса, қазақтардың да жоңғарлардың кебін киіп, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кетуі кәміл еді!..
Бұл шығармада ұлы ханның көшбасшылық қасиетімен бірге, адами болмыс-бітімі, сарабдал қайраткерлігі, сұңғыла саясаткерлігі, асқан ақыл-парасаттылығы, ержүрек батырлығы жан-жақты қырынан ашып көрсетіледі.
Абылай ханның ролінде «Қасым» телефильмінде Қазақстанның халық қаһарманы — Қасым Қайсеновтің, Е.Жуасбектің «Терең тамырлар» аллегориялық драмасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сынды кесек тұлғаларды сомдап жүрген талантты актер — Қуандық Қыстықбаев өнер көрсетеді.