Германияның ірі әуе компаниясы Андреас Лубицтің электрондық хат алмасқан жазбасын көпшілік назарына ұсынды. Осыдан 6 жыл бұрын жазылған хатта ұшқыш кезекті күйзелістен соң қайтадан оқуға кірісуге дайын екенін мәлімдепті. Бірақ бүгін апат орнына барған «Люфтганза» әуе компаниясының басшылары журналистердің аталған ұшқышқа қатысты сұрақтарына ләм-мим деп жауап қатпады. «Люфтганзаның» еншілес компаниясы «Germanwings»-ке тиесілі «Эйрбас A320» ұшағы Альп тауында құлаған. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, екінші ұшқыш Андреас Лубиц әуе кемесін әдейі жарға қарай бағыттауы мүмкін екенін хабарлаған болатын. Лайнер бортындағы 150 адамның бәрі қаза тапты. Олардың үшеуі біздің отандастарымыз. Құтқарушылар бүгін барлық дене қалдықтарының шығарылғанын мәлімдеді.