Алматыда жағымсыз иіске тұншыққан тұрғындар шу шығарды - kaz.caravan.kz
  • $ 470.8
  • 545.99
+13 °C
Алматы
2026 Жыл
25 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда жағымсыз иіске тұншыққан тұрғындар шу шығарды

Алматыда жағымсыз иіске тұншыққан тұрғындар шу шығарды

Сасық судың әлегі! Алматы түбіндегі жұрт жағымсыз иіске тұншығып отыр. Іргелі ауылының маңындағы «Асыл арман» атты жаңа тұрғынүй кешінінде тұратындар бүгін наразылық білдірді. Айтуларынша, жаңа тұрмыстың тауқыметін тартуда. Оған себеп – кешенге таяу маңда тұрған арам су қоймасы. Түрлі коммуналдық қалдықтар жиналатын жердің иісі күн жылығалы елді тұншықтырып барады.

  • 7 Сәуiр 2015
  • 421
Фото - Caravan.kz

Бұл — Алматы іргесіндегі «Асыл арман» тұрғынүй кешені. «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасымен салынған. Құрылысы да толық аяқтала қоймапты. Десе де біткендеріне жұрт шетінен орналасып жатыр. Әзірге 4 мың пәтер берілген екен. Тек сол жаңа баспананың бір кілтипаны бар.

Динара Рахымжан:

— Желтоқсан айында үй алып, қуанып көшіп келдік. Құдайға шүкір, осыған жеткенімізге. Бірақ таңертең-кешке балалармен қыдырып жүру, үйдің терезе-есігін ашу мүмкін емес. Жаман иістер шығады.

Болаш Ақберей:

— Салқын күндері білінбеген, қазір күн қызған уақытта балаларды сыртқа шығару, иістен мүмкіндік жоқ. Үйге ауа кіргізейін десең, сырттан жаман иіс келеді. Жүректі алады, қысымды көтереді біз сияқты кісілердің!

Мұндағылар бәрінен де кішкентайлардың денсаулығы үшін алаңдаулы. Өйткені 4 ай ішінде бірден 6 бала аурханаға жатып шығыпты. Барлығына да қойылған диагноз – улану.

Жайлаған жағымсыз иіс жайында жұрт тиісті орындарға түгел жеткізген. Бірақ әлі күнге оны ешкім тексермепті. Есесіне, иіс тарап жатқан жерді халық өз бетінше іздеп тапқан. Кешеннің іргесінде 5-6 жерден қазылған құдыққа Алматының коммуналдық қалдықтары түгел жиналады екен. Аймаққа жағымсыз иіс тарап жатқанынан Қарасай ауданының әкімдігі хабардар екен. Тек олардың уәжі тым қысқа болды. Яғни жиналған су күн ысыса жерге сіңіп кетуі тиіс. Сол кезде сасық иіс те бірге кетпек.

Алмасбек Әшімбай, Қарасай аудандық Тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

— Бұрын төгілген су ешқайда шығарылмайды. Ол жылдап, өзі жоқ болып кетеді. Кезінде солай салынған, ол жерге үй салынады деп ойланбаған. Оны сіз де, мен де кетіре алмаймыз. Оған уақыт керек!

Бірақ жұрт қойманың құрғап кетуін күтіп отырмақ емес. Егер әрекет болмаса, немқұрайлылық танытқан орындарды сотқа бермек.