Жекеменшік музыка мектебі 160-қа жуық шәкіртті өнерге баулиды. Оның сексен пайызының оқу ақысының тең жарымы бюджет есебінен жабылатын. Биыл оқушылар мұндай жеңілдіктен мүлдем қағылған. Ал өнер ордасы қызмет көрсету құнын табан асты өсіріпті.
Халипа Мырзабекова, оқушының анасы:
-Көп балалы аналарға, жағдайы орташа отбасыларға жеңілдіктің барлығы жойылып тұр. Айына 12 мың теңге төлеу керек. Оны екі үш баласы бар отбасылар көтере алмайды.
Музыка мектебінің басшысы қаржылық қиындықтан оқу ақысын көтеруге мәжбүр болыпты. Себебі тұрмысы төмен отбасы үшін бөлінетін үкіметтің қаражаты биыл басқа мекемеге бұйырған. Ал тендерден жеңімпаз атанған жаңа білім ошағы шәкірттерді өзіне тартып әлек. Алайда көпшілік ұл-қыздарын онда жібергісі келмейді. Айтуларынша, құрылыс жұмыстары да аяқталмаған орталықтың материалдық мүмкіндігі жоқ.
Гузаль Парпиева, оқушының анасы:
-Мен оған баламды бермеймін! Себебі бұл жерде кәсіби музыкалық білім береді. Ал жаңа мектепте тек үйірме ғана бар. Оның материалдық базасы да нашар. Талапқа сай келмейді.Маман да тапшы.
60 жылдан астам тарихы бар өнер мектебінің ертеңі бұлыңғыр. Бір аптадан бері оқу процесі де тоқтап тұр. Мұғалімдері де үш айлық жалақысын алмаған.
Луиза Ташметова, Глинка атындағы балалар музыка мектебінің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі:
-Үш айдан бері жалақы көрмедік. Мұғалімдер жұмыс істеп жатыр, бірақ оның соңы не болары белгісіз. Әлбетте мамандарды күштеп ұстай алмаймыз. Оқу процесін де тоқтатуға мәжбүр болдық.
Музыка мектебінің директоры тендерден қалай қағылғанын түсінбей басы қатуда. Бірақ өнер шаңырағы қызметін тоқтатпайды деп сендірді. Есесіне оқу ақысы екі есеге өспек. Ал мамандарға берешегін өз қалатасынан төлеуге әзір.
Әлішер Иманәлі, Глинка атындағы балалар музыка мектебінің директоры:
-Қазіргі таңда ешкімді ұстай алмаймын. Себебі 16 млн. тг қаражат «Шың» серіктестігіне аударылған. Ал, мұғалімдердің жалақыларын өзім тауып беремін. Осындай жауап сізді қанағаттандырады ма?
Ата-аналар биліктен шешімдерін өзгертуді сұрап отыр. Бірақ тендердің әділ өткеніне сенімді білім бөлімінің басшылығы оған бас ауыртпайтын сыңайлы.