Евгений Рычковқа қатысты сот үкімі шығарылды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметінен хабарлады.
«Жазалау үкімін шығарар алдында сот бұған дейін Алматы облысының Іле аудандық сотының Рычковқа қатысты 2014 жылдың 21 қаңтарында шығарған сот үкімін ескерді. Онда айыпталушы ҚР 1997 жылғы ҚК 175-бабы (3-ші тармақтың «б» пункті), 24-бабының 3-ші тармағы және 175-бабының 3-ші тармағының «б» пункті бойынша шартты түрде 4 жылға бас бостандығынан айрылған болатын. Бұл жерде ҚК 63-бабына сәйкес, сынақ мерзімі 3 жылды құраған» делінген мәлімдемеде.
ҚР ҚК 60-бабының 1,4 тармағын қолдана отырып, сот осы жартылай өтелмеген жазаны қосып, Е.Рычковты бес жылға бас бостандығынан айырды. Ол енді жазасын жалпы тәртіптегі түзету колониясында өтейтін болады.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетелік, 2015 жылдың 13 қаңтарында күндіз 11 сағат 25 минутта Рычков ішіне жарылғыш затқа ұқсас зат салынған сөмкемен қала әкімдігінің ішіне кіреді. Сөйтіп азаматтарды қабылдайтын бөлмеге еніп, ішінен жауып алады. Кейін күзетшіге ғимараттан адамдардың тез арада сыртқа шығарылуы керектігін, қолында жарылғыш зат бар екендігін, сондықтан басшылықтың келіссөзге дайындалуы керектігін ескертеді.
Алайда келіссөздердің арқасында 13 сағат 35 минутта Е.Рычков өз еркімен бөлмеден шығады. Полиция қызметкерлері оны тұтқындады.