Биылғы сайлау бұрынғыдан өзгерек. Бұл жолы алматылықтар таңның атысымен дауыс беру учаскелеріне шынымен де жүгіріп барды.Сайлауды спортпен ұштастырған тұрғындар осылайша деннің саулығына немқұрайлы қарамай, елдің келешегі үшін де біраз тер төгу қажет екенін көрсетті.Сайлау күні жаппай марафонға қатысуға 20 мыңға жуық желаяқ ниет білдірген. Мәреге бірінші боп жеткендері бұнымен тоқтамай, әрі қарай өз сайлау учаскелеріне жүгірді.
Амангелді Оразалин, марафонға қатысушы:
-10 км жүгіріп келдім. Көңіл-күй жақсы, ойдағыдай.
Ахметжан Есімов жүгіріп қара терге түспесе де таңғы 7:15-те сайлау участкесіне кірді. Алматылықтардың барлығы оны танитыны сөзсіз. Дегенмен тәртіп ортақ. Сондықтан әкім жеке куәлігін көрсетіп, ел қатарлы тіркеуден өтті.
Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:
-Өте ерте ояндым. Бүгін біздің еліміздің тарихында өте бір маңызды күн. Бүгін халқымыз өзінің ел басшысын сайлайды. Мен енді бірінші сайлаудан бастап 91-ші жыл 1 желтоқсаннан бастап әлі күнге дейін сайлауға қатысып келе жатырмын.
Ел ертеңі үшін ерте тұрып сайлауға келгендердің арасында бұрын бірнеше рет кандидат болғандар да бар. Алдыңғы саяси додада Назарбаевқа бәсекелес атанған Мэлс Елеусізов пен Ғани Қасымов сайлау учаскесінде түске таяу төбе көрсетті.
Ғани Қасымов, Патриоттар партиясының төрағасы:
— Бүгінгі күн нағыз мейрам. Әр адам өзінің болашағы үшін, елі мен отбасының амандығы үшін дауыс береді. Үміткерлердің барлығына сәттілік тілеймін!
—Оңтүстік астанада миллионға жуық тұрғынның дауыс беру құқы бар. Бүгін солар үшін қаланың түкпір-түкпірінде 513 сайлау учаскесі үзіліссіз жұмыс істеді. Жалпы Алматының, салыстырмалы түрде саяси белсенділігі төмен саналады. Алдыңғы сайлауларда келушілер саны 70 пайыздан аспаса, бүгінгі ұзын-сонар кезекке қарап бұл көрсеткіштің әлдеқайда өсетін түрі бар.