-Рахмет, әріптестер! Сонымен Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы ресми түрде аяқталды. Енді комиссия мүшелері үшін нағыз қарбалас басталып кетті. Себебі жәшіктер ашылып, бюллетендер саналып жатыр.
Үш жарым сағат бұрын басталған дәл осындай жанталас Астанада ғана емес, еліміздегі 9.742 сайлау учаскесінде жүріп жатыр. Жәшіктен алынған қағаздарды шатыспай санап, 3 кандидатқа тиесілі әр бюллетенді сұрыптау жүргізілуде. Ұқыптылықты талап ететін шаруаның әлі бірнеше сағатқа созылары анық. Бюллетендерді санау барысын шетелдік бақылаушылар мұқият қадағалап отыр.
Жалпы бүгін тұрғындардың шектен тыс белсенділігі шетелдік байқаушыларды таңқалдырды. Жасы да, жасамысы да учаске ашылмай жатып таңнан кезекке тұрып дауыс беруге таласты. Барлық өңірде сайлауға келгендердің саны 96 пайызы құраған. Ең төмен көрсеткіш Алматыда. Мұнда таңдау жасауға халықтың тек 78 пайызы келген. Жылдың ең маңызды саяси додасынан негізгі үміткер Нұрсұлтан Назарбаевта қалыс қалған жоқ. Өз таңдауын жасап болған соң Елбасы тілшілерге не үшін дауыс бергенін түсіндірді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Енді кімді таңдайтыным белгілі шығар барлықтарыңа. Мен даусымды Қазақстан үшін бердім деп айтсам болар еді. Қазақстанның болашағы үшін біздің жасап жатқан істердің жалғасуы үшін оның жемісін бізде біздің ұрпақтарымыз да көру үшін. Ашық түрде демократиялық түрде өткізіп жатқан сайлау.
Назарбаевтың екі қарсыласы да конституциялық міндетін орындады. Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов пен коммунист Тұрғын Сыздықов жұртпен бірге дауыс берді.
-Орталық сайлау комиссиясы облыстардан сайлауға қанша адамның қатысқаны туралы мәлімет алып болса, уақыт айырмашылығына байланысты шетелден ашылған учаскелердің нәтижесі сәл кештеу түспек. Оны Назарбаев, Құсайынов пен Сыздықовтың жақтаушылары тағатсызда күтіп отыр. Қазіргі мемлекет басшысының қолдаушылары болса,еxit-poll-дың нәтижесі жариялана сала жеңістерін тойлауды бастап кетті.