Бородулиха ауданына қарасты Орловка елді-мекені Ресей шекарасын жағалай орналасқан. Мыңнан аса тұрғыны бар. Елді мекенде жалғыз мемлекеттік нысан ол бастауыш мектеп. Жақында оның жабылатынын естіген жұрт есеңгіреп қалған. 50-ге жуық бүлдіршінді көрші Жезкент ауылына апару қиынға соғады дейді ата-аналар.
-Орловка мен Жезкент арасы небары 7 шақырым. Алайда жолдағы ой-топаңнан аяқ алып жүру мүмкін емес. Сондықтан ата-аналар бүлдіршіндер үшін бұл жолмен күнделікті жүру қауіпті деп отыр.
Жол азабы былай тұрсын, балалардың өміріне қатты алаңдаймыз дейді тұрғындар. Себебі көрші ауыл жасөспірімдері бұзақылығымен аты шыққан екен.
Гүлнұр Құмарова, Орловка ауылының тұрғыны :
-Біздің балаларды «колхоздан» келген деп мазақтайды. Өздерін қалалықтармыз деп жүр. Соған шыдамай бір бала өзіне қол сала жаздады. Бүлдіршіндерге обал!
Кішігірім мектептегі балаларды 8 мұғалім оқытады. Егер жұмыс тоқтаса, олар да жалғыз табыстан қағылғалы отыр.
-Декретке кеткенде, бұлай болатынын білмедім. Жұмысты уайымдап отырмын.
Ауылға журналистердің баратынын естіген шенділер тайлы-тұяғы қалмай жедел жеткен. Әдетте төбе көрсетпейтін әкімдіктегілердің жапа-тармағай келгенін жергілікті жұрт көптен көрмепті. Аудан әкімінің орынбасары бастаған топ мектептің жабылуы туралы хабар қауесет деп сабырға шақырумен болды. Алайда, білім ошағының қазынаға тым қымбатқа түсіп отырғанын жасырмады.
Найра Күкшебаева, Бородулиха ауданы білім бөлімінің басшысы:
-Ресми қағаздарда мектептің жабылуы туралы бір сөз айтылмады. Ешқандай хабар жіберген жоқпыз. Дауды кім көтеріп жүргенін білмейміз.
Соңғы кездері ауыл халқының саны күрт өсіпті. Көп балалы отбасылар да баршылық. Егер мектеп жабылатын болса, барлығымыздың үдере көшуден басқа амалымыз қалмайды дейді тұрғындар. Сондықтан шенділерден ауылдың тамырына балта шаппауларын сұрайды.