Абай Бегейдің хит әнін депутаттар шырқады - kaz.caravan.kz
  • $ 470.8
  • 545.99
+15 °C
Алматы
2026 Жыл
23 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Абай Бегейдің хит әнін депутаттар шырқады

Абай Бегейдің хит әнін депутаттар шырқады

Еңбектеген баладан бастап еңкейген қарттың да көңілінен шыққан ән. Бірлік күнінің қарсаңында эстрада жұлдыздары мен халық қалаулылары, бөбекжайдағы балалар мен қарапайым жұмысшылар бірлесіп ән шырқап, сосын оған клип түсірілді. Олар елдің тұтастығын көрсетіп, жүректен шыққан жылы лебіздің әрқашан келесі жүректен орын табатынын көрсетпек болыпты.

  • 2 Мамыр 2015
  • 656
Фото - Caravan.kz

Аспанға қарап, жұлдызды санап жүріп-ақ әр адамның жадында жатталып қалған бұл жолдар бүгіннен бастап басқаша шырқалуда. Абай Бегейдің орындауындағы «Аспанға қараймын» хиті Роза Рымбаева, «МузАРТ», Қайрат Нұртас, Арман Дүйсенов, Жанар Дұғалова бастаған эстрада жұлдыздарының бірігуінен соң өзгеріске ұшырады. 

Абай Бегей, әнші:

– Жақында ғана ұсыныс түсті бізге, біздің әнді өзгертіп, барлығымыз бірге орындайық деп. Мен қуана-қуана келістім. Себебі, бұл ән – Қазақстанға кең тарап кеткен туындылардың бірі.  –Әннің аты өзгертілді, сөзі де түгел өзгертілді. Тек қана аспанға қараймын, жұлдызды санаймын деген сөз қалды. Ал қалған сөздер біздің елімізге, біздің тәуелсіздігімізге арналып жазылды.

Осылайша кең тараған туындының әнінен бастап сөзіне дейін жаңартылған. Елдің бірлігін баяндап, жұрттың тыныштығын тілейтін жолдардың бастапқыда жауапсыз махаббаттан жазылғандығын бірі білсе, бірі біле бермейді. Бір бойжеткенге ессіз ғашық болған Дәуір Сағындықов қол жеткізбес жұлдыздай арудың оның жұлдызын жағатынын ойламапты да.

Дәуір Сағындықов, ақын:


– Мен үшін ол қыз жұлдыз болды, қол жеткізбес жұлдыз болды. Сол кезде аспандағы жұлдыздарға қарап отырып, саған қолым жетеді ма деген қиялмен шығарған болатынмын.– Ол әннің бағы жанып кетті деп ойлаймын. Мысалы, негрлер айтып жүр, одан кейін Тиматидің ең сүйікті әні болды, орыс халықтары да осы әнді ресторандарда айтып жүр.

Айта кетерлігі, клипті түсіру жұмыстарына қатардағы қызметкерлер мен бірге балабақшадағы балалар, университет студенттері мен халық қалаулылары атсалысқан. Режиссердің айтуынша, жүректен шыққан шынайы жылы лебіздің келесі жүректен орын табатыны сөзсіз.

Болат Акунов, режиссер:

-Депутаттар халықтан алыстап кетті деген ойды жиі естиміз. Олар жеке шаруасымен айналысып, қараша халыққа назар аудармайды деп жатады. Бірақ біз бұны жоққа шығардық. Депутаттар ел қатарлы ән айтып, би биледі.

Бастан-аяқ саксофон мен бас-гитара секілді музыкалық аспаптармен сүйемелденген әннің әр тыңдарманға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтыны сөзсіз.