Назарбаев сайлаудан кейін қарапайым халықпен кездесіп 1 мамырмен құттықтады - kaz.caravan.kz
  • $ 470.8
  • 545.99
+15 °C
Алматы
2026 Жыл
23 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Назарбаев сайлаудан кейін қарапайым халықпен кездесіп 1 мамырмен құттықтады

Назарбаев сайлаудан кейін қарапайым халықпен кездесіп 1 мамырмен құттықтады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мамыр айындағы бірінен соң бірі тойланатын мерекелерді бастап берді. Бүгінгі Қазақстан халқының бірлігі күні Арқа төсінде ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. «Қазақ елі» алаңына еліміздің әр аймағынан  жүздеген  ұлттық мәдени орталықтардың шығармашылық ұжымдары келіп, өнерлерін паш етті. Осы жерде ел-жұртты Елбасы да айтулы мейраммен құттықтады.

  • 2 Мамыр 2015
  • 587
Фото - Caravan.kz

Бұл – сахна сыртындағы қарбалас. Ең басты мерекелік думан басталмас бұрын ашық аспан астында соңғы дайындық қызу жүргізілуде. Себебі, еліміздің басты алаңында өнер көрсету екінің біріне бұйыра бермейді. Қыздар жағы шаштарын өріп, қас-кірпігін түзеп, қайта-қайта  айнаға қараудан жалығар емес. Бұл түсінікті де. Өйткені сахна сұлулықты сүйеді. Ал әзірлікке берілген уақыт аяқталып Президенттің келе жатқаны хабарланғанда, қарбалас сап тиылды.

Нұрсұлтан Назарбаев төрдегі орынға жайғасқан соң бірлік тойы басталып кетті. Күннің шуағы молынан төгілген күні шырқалған ән мен би де, ерекше театрландырылған қойылым да тек татулықты дәріптеді.

Ашық аспан астында нағыз меркелік көңіл күй. Тіпті шыдай алмай орындарынан тұрып  билеп кеткендер де болды. Ал «Қазақ елі» алаңына жиналған мыңдаған халық концертті Елбасымен бірге тамашалауға мүмкіндік алды. 1 мамыр күнімен Қазақстан халқын  Нұрсұлтан Назарбаев арнайы құттықтап, ішкі тұрақтылық өрлеу мен берекеге апаратын жалғыз жол екенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 Мынау жарқыраған көк аспанда алтын күн сәулесі түсіп тұрған елімізде көптен бері біраз тойлар болып жатыр. Бірлікті бүкіл Қазақстан халқы сайлау барысында бүкіл дүниежүзіне көрсетті.  Барша қазақстандықтарды шын жүрегіммен осы тамаша мерекемен құттықтап, бақ-береке денсаулық, болашақ тілеймін. Аман есен-болайық. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.


Ресми салтанатты шараны тамашалап  болған соң  жұрт этномәдени бірлестіктер тіккен шағын ауылды асықпай аралап шықты. Сан түрлі ұлт бір-бірінің дастарханына қонаққа барды, ұлттық тағамдарынан дәм татты, қосылып ән айтты, би биледі.

Ал мына төрде отырған кісіні алыстан танымай қалып жатқандар көп. Сөйтсек, бұл өзінің ұлттық киімін киіп алған депутат Ахмед Мұрадов екен. Ол бүгін кезінде жер аударылған шешендерге  бір үзім нанын бөліп берген қазақ халқына  алғысын айтты.

Ахмед Мурадов, Мәжіліс депутаты:

-Қазақтар оларды жат көрмеді. Мыңда бір рахмет қазақ халқына.

Рахмет демекші, Президенттің өткендегі қазақтарға алғыс айту күнін белгілеу туралы ұсынысын іліп әкеткендер бүгін жер аударылған ата-бабасына қамқорлық көрсеткен қазақтарға алғысын білдіріп жатты. Яғни ұлттық киімдерін киіп көшеге шыққан үлкен де, кіші де бір үйдің баласындай.

Бұл күрдттердің ұлттық биі.  «Гөван» деп  аталады.  Бұл биді билеудің 2000-нан астам түрі бар. Негізгі басымдық аяқ пен иыққа түседі. Шатыспау керек. Ал шынашақтардың бірігуінің өз мәні бар. Бұл бірлікті білдіреді.

Осылайша Астанада мереке қызып жатыр. Той-думан жексенбіге дейін жалғаспақ.