Техникасы судай жаңа мына шаруа қожалығының механизаторлары жыл сайын орақ науқанын айналасы екі-ақ аптада аяқтаушы едік дейді. Алайда былтырғы күз оған да мұрша бермеген. Енді, міне, көктемде танапқа шыққан комбайндар жұрттың аузын аштырып жатыр.
Владимир Долганов, механизатор:
—Кетіп бара жатқан көліктер тоқтап, бізді суретке түсіріп алып жатыр. Әрине, көктемде астық ору деген олар түгілі талайды көрген өзімізге де таңсық.
Соңғы рет Қызылжар өңірінде көктемде астық ору деген сұмдық жарты ғасыр бұрын болған екен. Кейбір шаруашылық өз алқаптарындағы бидайды тамырынан орып жатыр екен . Ал мына комбайн былтыр күзде бастырылып үлгерген астықты жинауда. Мұндайда бидайдың түсімі туралы сөз қозғаудың өзі артық.
Владимир Остапин, комбайншы:
-Астықтың дені жерге шашылып қалған. Көбін дала тышқандары жеп қойыпты. Ары кетсе, гектарынан екі центнерден ғана айналып жатыр.
Жиналған астықты жүк көліктері қырманға жеткізіп жатыр. Онда қоқыстан тазартылған бидай құс фабрикалары мен мал шаруашылығы бар қожалықтарға жөнелтілмек. Бұл диқанның былтырғы шығынын аз да болса жапсам деген әрекеті. Бәрінен де алқапта қалған құны қымбат майлы дақылдарға обал.
-Былтыр күздегі ауа райы бидайды ғана емес, майлы дақылдарды да жинап алуға мүмкіндік бермеген еді. Танаптардың кебуін күткен диқандар оны да орып алып жатыр.
Мамандардың айтуынша, былтыр күзде астық жинауға қолайлы 12- ақ күн болған. Бұл, әрине, пісіп-жетілмеген бидай үшін аз. Алайда астық үшін жанталасқан шаруа комбайнды сол кезде тура қардың үстімен жіберген еді. Шенеуніктер алқаптардың небәрі үш пайызы ғана орылмай қалды деп есеп берген болатын. Алайда бүгінгі көрініске қарасақ, олардың сөзі шындыққа жанаспайтын сияқты.