Балабақша тәрбиешілері, әдетте, осы уақытта бүлдіршіндерді ойнатып, тәлім-тәрбиемен айналысып жататын. Бірақ бүгін олар балақандарды тастап, тиесілі еңбекақыларының өтеуін талап етуге бекініп отыр. Онсыз да мардымсыз айлыққа жұмыс істеп келген тәрбиешілер осыны айтпасқа амалымыз қалмады дейді.
Меңдігүл Шериязданова, тәрбиеші:
-Біздің жағдайымызды түсінуге болады. Пәтерақы төлеу керек уақытында. Төлемесең тағы да соттан қағаз келеді. Сол біз өзіміздің еңбекақымызды сұраймыз, одан басқа ештеңе сұрап отырған жоқпыз.
Жалақысын сұрауға қаладағы бірнеше балабақша қызметкерлері жиналып, қалалық білім бөліміне де барды. Прокуратураға, Білім министрлігіне де хат жолдағанда, тәрбиешілер олардың жергілікті өкілдерінен қысым көрдік дейді. Енді жұмыстан шығарып жіберсе де, басшылардың тағы бір уәжін тыңдамақ. Тәрбиешілердің жаппай жұмысты тастап балабақшадан шыққалы жатқанын естіген басшылар оларға өздері келді.
Балым Ізбасарова, Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы:
-Өткен жылғы төленбеген қарыз 233 миллион теңге. «Балапан»республикалық бағдарлама. Бұл республикадан төлену керек болатын. Ақша жетпеген. Қазір облысқа төлеуді міндеттеді. Жақында мәслихат сессиясында қарастырып, бюджеттен ақша бөлінуге тиіс. Сондықтан аз уақыт шыдаңыздар.
Республикалық бюджеттен табылмаған қаражат облыс қазынасынан бөліне ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. Ал тәрбиешілер коммуналдық қызметке, банктегі несиеге белшеден қарыз.