Шеруге қатысатындарды облыс әкімінің орынбасары С.Қаныбеков Жеңістің 70 жылдығымен құттықтап, майдангерлерге ақ жол тіледі. Астана мен Мәскеуге баратын Жеңіс ардагерлерін теміржол вокзалының перронында ойнап тұрған үрлемелі әскери оркестрмен туыстары, қатарластары мен жастар шығарып салды. Елордада өтетін Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік шараларға Оңтүстік Қазақстан облысынан 16 ардагер қатыспақ. Ал, Мәскеудегі шеруге баратын қазақстандық делегацияда алты ардагер болса, соның бірі шымкенттік 91 жастағы ардагер Тулебеков Қаратай. Оларды облыстық басқармалардың өкілдері мен медицина қызметкерлері алып жүреді. Шеруге қатысушы ардагерлерге демеушілердің көмегімен барлығына бірдей киім тіктірілді. Облыста бүгінгі таңда 427 майдангер мен 21779 тыл еңбеккері арамызда ғұмыр кешуде, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.