Астанадағы жекеменшік балабақшада сәби сан сүйегін сындырып ауыр жарақат алды - kaz.caravan.kz
  • $ 470.8
  • 545.99
+16 °C
Алматы
2026 Жыл
23 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астанадағы жекеменшік балабақшада  сәби сан сүйегін сындырып ауыр жарақат алды

Астанадағы жекеменшік балабақшада сәби сан сүйегін сындырып ауыр жарақат алды

Бірінші күн балабақшаға барып мүгедек болып қала жаздады. Астанада бір жарым жастағы бүлдіршін балабақшалардың бірінде сан сүйегін сындырып, ауыр жарақат алды. Баласын таңмен тапсырған ата-ана болған оқыс жағдайға мекеме қызметкерлерін айыптап отыр. Айтуларынша, баладан көз алмауы тиіс тәрбиешілер  жұмысына салғырт қараған. Тіпті қаршадай қыздың сандағы сүйекті сындыратындай қайдан құлағанын да түсіндірмепті. Қазір кішкентай қыздың әкесі прокуратураға арызданып қылмыстық іс қозғалды.

  • 7 Мамыр 2015
  • 532
Фото - Caravan.kz

Бір жарым жастағы Әдемі үш күннен бері осы кереуетке таңылған. Күні-түні көз ілмей анасы да жанында отыр. Айтуынша, кішкентай қызын дүйсенбі күні бірінші рет балабақшаға апарыпты. Десе де бүлдіршін айналдырған үш сағаттың ішінде сан сүйегін сындырып, ауыр жарақат алған. Анасы бұған жұмысына салғырт қараған тәрбиешілерді  кінәләп отыр.

Зейнегүл Қожамқұлова, Әдемінің анасы:   

-Мен үшін бұл ауыр соққы болды. Бірінші күн балабақшаға барғанда осындай жағдай болады деп ойламаппын. Тәрбиешілер  қайда қараған. Қызымның ертеңгі күні не болады?Мен мұны бұлай қалдырмаймын.

Қазір қыздың анасы өзін әрең ұстап жүр. Ал, Әдемінің өзі мазасызданып жылай береді. Оның үстіне аш құрсақ. Себебі, ішкен жегенін бірден құсып тастайды екен. Сынған жеріне ота жасалып, қажетті көмек көрсетілгенімен, кішкентай қыз әлі біраз уақыт ауруханада болуы керек.

Баймахан Сәдуов, Астана қалалық №2 балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі:

-Баланы қарадық, рентгенге түсірдік. Рентгенде сол жақ санының сүйегі қиғаш сынып орынынан қозғалып кеткен. Бала жылады. Кейін, бөлімшеге жатқыздық. Ота жасап, көмек көрсетіп, гипс салып бердік.

Ал, бұл Әдімі аяғын сындырған балабақша. Жекенің меншігіндегі мекемеге табалдырықтан әріге кіруге рұқсат жоқ. Бүлдіршіннің ауыр жарақатты қалай алғанын жөндеп түсіндіріп беретін де жан жоқ мұнда.


-Болмайды, болмайды кіруге. Жаңа айтты ғой. Бастық жоқ.

Десе де оқыс жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалған. Енді тәрбиешінің жұмысына салғырт қарағаны анықталса, жазадан да қашып құтылмайды.

София Қылышбекова, Астана қалалық ІІД баспасөз хатшысы:

-Қазіргі уақытта тиісті тергеу амалдары жүруде осы факт бойынша. Бап бойынша жаза қолданылады. Ол 2 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Осылайша бүлдіршін балабақшаға барамын деп, ауруханадан бірақ шығып отыр. Енді оның толықтай сауығып, аяғына тұруы үшін кемі үш ай қажет дейді дәрігерлер. Ал, оның анасы қызын бұл балабақшаға қайта апаруға қорқып отыр. Оның үстіне мараторийге байланысты тексеру жүргізілмейтін жеке меншік балабақшаларда нағыз мамандардың жұмыс істейтіндігіне сенбейді.