Ақорданың шетел президенттерімен келіссөз жүргізетін қабаты бүгін шенді офицерлерге толы. Мұндай бақыт оларға тек жылына бір-ақ рет, 7-ші мамыр қарсаңында бұйырады. Сондықтан бұл сәтті ұтымды пайдаланып резиденция ішінде суретке түсіп жатқандар көп. Тұңғыш рет ант қабылдағалы тұрған жас сарбаз секілді именіп жүргендер, залға Жоғарғы бас Қолбасшының өзі кіріп келгенде тіпті толқып кетті.
-Елбасы, Нұрсұлтан Назарбаев!
-Сәлеметсіздер ме?…
Бірден марапаттау рәсіміне көшкен Назарбаев кәсібіне адал, ісіне мығым 21 адамның шенін жоғарылатты. Сөйтіп Қарулы күштер, Ішкі Істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратураның қатары су жаңа генералдармен толығып отыр. Жұлдызы жарқырағандардың ішінде кеше ғана көбейіп кеткен пәтер ұрлығына қатысты сын естіген Ішкі істер министрі де бар. Ол енді бүгіннен бастап генерал-полковник.
—Қазақстан Республикасына қызмет етемін!
Енді мына жаңа шендерді қызметтік формасына тігіп алатын генералдардың абыройы ғана емес, жалақысы да көтеріледі. Осы жерде президент шені өскендерді асқақтамай шетелдің тәжірбиесін көп үйреніп, істі болып түрмеге жабылған әріптестерінің қателігінен сабақ алуды сұрады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Кейбір заң бұзған генералдарға берген атақты қайтып алуыма тура келеді. Көңілгі кірбің түсіреді әрине. Мұндай жағдайға сіздердің тап болғандарыңызды қаламаймын. Сіздерді қазір алғалы тұрған марапатқа лайықсыздар деп ойлаймын.
Генералдардан бөлек, құқық қорғау органдарының батыл қадамдарымен көзге түскен 23 лауазымды әскеридің де мерейі өсті. Олардың ерліктеріне енді кеуделеріне тағылған «Даңқ», «Айбын», «Ерлігі үшін» ордендері дәлел болмақ.
-Қазақстан Республикасына қызмет етемін!
Сонымен қатар бүгін Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы облыстардан шақыртқан соғыс ардагерлерін марапаттады. Президент орындықта отырған қарт майдангерлерге өзі барып, кеуделеріне «Барыс», «Құрмет» орденін тақты. Сөз сөйлеймін дегендерін демеп мінберге де апарды. Мұндай құрметті күтпегендер ағынан жарылып сала берді.
-Көп жасаңыз. Экономиканы дамыта беріңіз. Еліміз мәңгілік болсын.
Ал Қарулы Күштердің құрылған күні мемлекеттік мереке ретінде тойланатындықтан 7-ші мамыр елімізде демалыс. Атаулы датаға орай ертең дәл осы «Қазақ елі» алаңында қазақ әскері қуатын әлемге паш етіп, шеру өткізеді. Оған мыңдаған сарбаз, жүздеген техника қатысса, ұшақ пен тікұшақтар әуеде нағыз шоу ұйымдастырмақ. Ал бұл алаңға тек шақыру билеті барлар жіберіледі. Кіре алмаған тұрғындар мен қала қонақтары шеруді күндізгі сағат 10:45-те отандық арналар мен Астананың адам қарасы көп жүретін жеріне қойылған үлкен экрандардан тамашалай алады.