Бұл отбасының азаматтығы жоқ емес, бар. Бірақ ол әлдеқашан ескіріп кеткен. Өйткені барлығының да құжаттары бұрыңғы КСРО-ныкі. Балта мен орақты символ еткен жанұя елде осылай 11 жылдан бері тұрып келеді.
— Әбден ұялып болдым….
Отанасы көрші-қолаңмен араласудан қалған. Ұл-қыздары да осы құжатсыздықтың кесірінен не шаңырақ көтеріп, не тұрмысқа шыға алмай үйде отырып қалыпты. Жастары жиырмадан асқан олар Горбачевтің кезінде алған туу туралы куәліктерімен әлі жүр. Өйткені ата-анасы кезінде құнттамаған.
Камал Пулатов:
-Біздер Өзбекстанда туылдық. Бірақ ұлтымыз қазақ. Кеңес заманында Ресейге көшіп барғанбыз. Бірақ жат жерде тұрмыс ұнамай, Қазақстанға қоныс аудардық. Мұнда ауа райы да, жергілікті тұрғындар да көңілімізге жағып, осында қалып қойдық.
Бірде бір азаматтығы жоқ отбасы Қырбалтабай ауылында үй жалдап тұрады. Қазіргі заманғы құжаттары болмағандықтан, төртеуі де тек қара жұмыстың арқасында ғана күнелтіп отыр. Күйеуі сарай соқса, ұлы -құрылыста. Ал қызы кісі кірін жуып, табыс табады. Көпшілік секілді Пулатовтар дәрігер шақыртып, тіпті шаштаразға да бармайды. Тәртіп сақшылары ұстап ала ма деп қорққаннан.
Қанат Еселбаев, Алматы облысы ІІД көші-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары:
—Бұл отбасы қорқатындай ештеңе жоқ. әрине, құжатсыз жүрген заңға қайшы. Қазақстан азаматтығына арыз жазу үшін оларға Ресейден бұрынғы мекен-жайы туралы анықтама әкелуі қажет. Сонда құжаттарды рәсімдеуге болады.
Қызыл паспорттың да тоз-тозы шыққан. Қолға қатты қыссаң үгітілейін деп тұр. Ішіндегі жазулары да жартылай өшіп кеткен. Оны жаңа құжатқа алмастыру үшін отағасы жақында бұрынғы отаны — Ресей жеріне аттанбақшы екен.