Астанада сенаторлар «Нұрсаядағы» судың сапасына шағым айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 470.8
  • 545.99
+9 °C
Алматы
2026 Жыл
23 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астанада сенаторлар «Нұрсаядағы» судың сапасына шағым айтты

Астанада сенаторлар «Нұрсаядағы» судың сапасына шағым айтты

Сенаторлар судың сапасына шағым айтты. Астанадағы элиталық «Нұрсая» кешенінде тұратын депутаттар он жылдан бері Елорданың ащы суын іше алмай қиналып жүр екен. Тіршілік нәрін өз ақшасына сатып алудан шаршаған халық қалаулылары бүгін Экономика министріне мұңын шақты. Тіпті Ерболат Досаевқа басқаның бәрін жиып қойып, ең алдымен бас қаладағы ауыз судың сапасын көтеруді сұрады.

  • 15 Мамыр 2015
  • 319
Фото - Caravan.kz

Құшақтаса қауышып, сырт көзге көңілді көрінгенмен шындығында  бұл сенаторлар шетінен сусап жүр. Есілдің сол жағалауында тұрса да, ащы суды іше алмай әбден мазалары кеткен. Сондықтан, бүгін халық қалаулылары сумен қамту саласына несие және субсидия бөлу туралы жаңа заң жобасын алып келген Экономика министрін жағадан алды. Айтуларынша, Елорданың қақ ортасындағы мына «Нұрсая» кешенінде тұратын сенаторлардың үйлеріндегі судың дәмі де иісі нашар екен.

Қуаныш Айтаханов, Сенат депутаты:

Оны ішуге болмайтын болса қалай ішесің? 10 жылдан бері фильтр қойып ішеміз. Фильтрден шыққан су мен кранның суын салыстырып қарасаң, аспан мен жердей.

Нұрлан Оразалин, Сенат депутаты:

-Астананың ауыз суын   ешкім краннан құйып  ағызып ішпейді. Алматыдағыдай, басқа қалалардағыдай емес. Сондықтан осы Астана ауыз суының болашағы қалай шешіледі?

Досаев онсыз да кеңірдегі кеуіп отырған сенаторларға қарсы шығып, әрі қарай ащуландырмады. Алдағы екі жылда бюджеттен арнайы ақша бөліп, Астанадағы ауыз су мәселесін дереу шешеміз деп сендірді.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

-Қазір әкімшілікпен бірлесіп жаңа бағдарлама дайындап жатырмыз. 2020 жылға дейін.  Астананың ауыз суын сапасын көтеру үшін не керек, қандай жаңа технология енгізу керек соны қарастырып жатырмыз.

Сенаторлар элиталық пәтерлеріндегі краннан ағып тұрған мөлдір суды місе тұтпай отырғанда еліміздің шалғай аймақтарындағы жұрт бір тамшы тіршілік нәріне зар боп жүр. Мәселен, Шығыс Қазақстандағы Переменовка ауылында 200-ге  жуық тұрғын жалғыз құдыққа телміріп күн көруде. Оның өзі ішуге жарамсыз.


Күлшан Беделбаева, Переменовка ауылының тұрғыны:

Біздің ішкен суымызды сиыр да ішпейді! Ал біз ішіп отырмыз! Ауылдың адамдары адам емес пе екен? Бізге қашан жақсылық болады?

Ал, судан тарыққан тұрғындардың мәселесін үшін әлі 1 жарым триллион теңге керек деді Досаев. Бұл қаржы коммуналдық шарушылыққа ұзақ мерзімді несиемен субсидия ретінде берілмек. Яғни, ескірген құбырларды ауыстырып, жаңартуға мүмкіндік туады. Бірақ, жұрт Үкіметтің кезекті жаңа бағдарламасынан кейін жаппай суға қарық боламыз дегенге сенбейді. Астанадағы дөкейлер сапалы суға жарымай отырғанда, ауылдағы ағайыннан күдігі заңды да секілді.