Шығыс Қазақстанда шаруалар мен теміржолшылар мал үшін өзара дауласып қалды - kaz.caravan.kz
  • $ 470.8
  • 545.99
+8 °C
Алматы
2026 Жыл
22 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шығыс Қазақстанда шаруалар мен теміржолшылар мал үшін өзара дауласып қалды

Шығыс Қазақстанда шаруалар мен теміржолшылар мал үшін өзара дауласып қалды

Теміржолдағы апаттарға жөнсіз жүрген мал кінәлі. Шығыс Қазақстанда вагондардың рельстен шығуын талдаған мамандар осындай тоқтамға келді. Мұндағы жол торабында жыл басынан бері төрт-түлік кесірінен пойыздар 9 рет жедел тоқтауға мәжбүр болыпты. Сондықтан теміржолшылар шаруа қожалықтарының иелерін шақырып, түсіндірме жұмысын өткізген. Мал иелері болса еш кінәміз жоқ деп, азар-безер.

  • 16 Мамыр 2015
  • 348
Фото - Caravan.kz

Бұл Семейден 100 шақырым жерде түсірілген кадрлар. Пойыз жүйткіп жүретін шойын жол бойында мал жайбарақат жайылып жүр. Жан-жағы қоршалғанымен, төрт түлікке ол кедергі емес. Жыл басынан бері шойынжолға шығып кеткен осындай мал кесірінен пойыздар 9 рет жедел тоқтауға мәжбүр болыпты.

Гүлзавира Елемесова, Семей темір жол дистанциясының еңбек қауіпсіздігі жөніндегі инспекторы:

-Малдың жол бойында тұруынан үлкен апат орын алуы мүмкін. Төрт түліктің өлуі былай тұрсын, рельске зақым келеді. Пойыздың уақыттан кешігуінің өзі талай шығын.

Теміржолшылар бүгінгі жиынға шаруа қожалықтарының өкілдерін шақыруды ұйғарыпты. Мал иелері де әзірленіп келген екен. Шойын жолдағы оқыс жағдайға шаруалар емес, теміржолшылар кінәлі деді бірауыздан.

Болат Оразғалиев, Шаруа қожалығының төрағасы:

— Өйткені қоршамайды! Ол жерде қоршау керек, сыммен қоршап тастаса, өтпейді. Өте қауіпті аймақ ол!

Шаруалар жолды қоршасын деп жүргенде, тәртіп сақшылары малды рұқсат етілмеген жерде жайған үшін жауапкершіліктің барын айтты. 20 мың теңгеге дейін айыппұл саламыз деп отыр.

-Бұл қала ортасымен өтетін темір жол бөлігі. Дәл осы жерде пойыз қозғалысына кедергі жиі туындайды екен. Мұнда жолды мал емес, адамдар кесіп өтеді. Оларға ой салу үшін ескерту белгілері бар. Алайда оған назар аударатындары кемде-кем.